29.09.2026, 13:00
Оқылды: 4

Ғылыми жоба ғылымға жол аша ма?

Оқу жылы бастала салысымен түрлі олимпиада, спартакиада, ғылыми жобалар сайысы қатары көбейеді. Осы ретте оқушылар үшін ғылыми жобалар сайысын өткізудің пайдасы мен тиімділігіне тоқталсақ.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 11.55.12 (3)

Ғылыми жобаларды жасау арқылы негізгі 4C дағдылары қалыптасатынын 2025 жылы Бангладеште ғалымдар жүргізген зерттеуде дәлелденген. Communication, Collaboration, Critical thinking, Creativity. Білім алушылар бірлесе не дара болып сұрақ қояды, зерттейді, ақпарат жинайды, талдайды, нәтижесін бағалайды, қорытынды жасайды. Олимпиадада дайын мәселе мен тапсырманы шешсе, ғылыми жобада оқушы мәселені өзі анықтайды. Дұрыс шешім іздеу үшін теорияны терең меңгеру қажет. Ал мәселені өзі анықтау үшін теорияны практикада қолдану қажеттігі туындайды. Іздеу қабілеті немесе Research skills түптеп келгенде ізденушіге зерттеу мәдениетін, академиялық адалдықты үйретеді.

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтіп жатқан қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық ғылыми жобалар байқауында тың зерттеу жұмыстары сарапқа салынып жатыр. Әр өңірдегі жүзден жүйрік ретінде жиналған жобалардың ауқымы республикалық деңгейден де асып түседі деуге негіз бар.

AIU-дың т.ғ.к., қауымдастырылған профессоры Айжан Туякова мектеп оқушысы құнары жоғары тары тағамының танылмаған пайдасын тапқан ғылыми жобаны жоғары бағалап отырғандарын айтты. Ғалымның айтуынша бойға қуат беретін тарыны бұрын ата-бабаларымыз жастанып жатып түрлі ауруға ем қылған. Ал енді бұл зерттеудің жаңалығы – тарыны табанға ұлтарақ арқылы салып, суықты тарту. Бұл атап өткеніміз зерделі жұмыстардың біреуі ғана.

«Мектеп оқушыларының түрлі тақырыпты арқау етіп, терең ізденгені бізді ерекше қуантып отыр. Ғылыми жоба жасау арқылы ізденушілер көптеген проблеманы анықтап, оны тиімді шешу тетіктерін ұсынған. Әсіресе ұлт мәйегі саналатын мәдениет, ұлттық құндылық жайын ғылыммен ұштастырған сапалы жұмыстарды жоғары бағалап отырмыз. Әрі ғылыми жоба оқушыға теңдессіз тәжірибе, бізге жаңа серпін береді» деп ой қосты.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 11.55.13 (1)

Президент, тиісті министрліктер ғылымға ден қойып жүрген шақта дәл осындай бастамаларды дер кезінде қолдау, бағдар беру – кемел келешекке жасалған ең мықты әрі өзін еселеп ақтайтын инвестиция.

 

Әлия Қалбай

Суреттер ЖИ көмегімен жасалды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале