2.10.2026, 10:30
Оқылды: 11

Құрақпен құндылық құраған әжелер

«Атамекен» өнер ордасында ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеген «Аламан Құрақ» жобасына қатысқан әжелерді марапаттау рәсімі өтті.

IMG_4331

Тағылымды кездесуге Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Рахметұлы, БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Болатқызы және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабошұлы қатысып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, дәстүр сабақтастығын жалғаған жоба қатысушыларына ризашылықтарын білдірді.

«Аламан Құрақ» – құрақ құрап, көрпе тігумен ғана шектелмейтін, ұлттық өнерді жаңғыртып, оны жас ұрпаққа үйретуге, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған тағылымды жоба.

IMG_4328

Жоба аясында еліміздің әр өңірінен жиналған өнерге жанашыр жандар бір мақсатқа ұйысып, ұлттық өнерді дәріптеумен қатар, халықаралық деңгейдегі рекордтарға қол жеткізді. Бұл – ел бірлігін, ортақ мұрат пен ұлттық құндылыққа деген құрметті айшықтайтын маңызды бастама.

Салтанатты рәсімде «Аламан Құрақ» жобасына белсенді қатысып, тарихи бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан аяулы әжелерге арнайы марапаттар табысталды.

Кездесу барысында әжелерге де сөз беріліп, олар жобаға қатысу барысындағы әсерлерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әр сөзден ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің лебі сезілді.

IMG_4339

Қазақтың құрағы – ұлттың ғұмырындай сан алуан өрнектің, ал әже қолы – сол өрнекті келер ұрпаққа жеткізер алтын көпірдің бірі.

 

А.Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале