Қаратөбе ауданындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкері Алпамыс Жексенбаевтың есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.

Салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әзілхан Қайырханов, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар және Алпамыс Жексенбаевтың жұбайы Баян Баймұханқызы қатысты.
Іс-шара жас сақшылардың салтанатты сап түзеуімен басталып, Мемлекеттік әнұран орындалды.
«Жас сақшы» полиция сыныбын ашудағы басты мақсат – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге, заң мен тәртіпті құрметтеуге тәрбиелеу. Сонымен қатар оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, әскери-патриоттық бағыттағы тәрбиені күшейту және болашақ мамандықты таңдауға бағыт-бағдар беру көзделген.

Салтанатты жиында қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған полиция қызметкерлері мен Отан қорғау жолында құрбан болған жерлестердің рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Шара барысында ішкі істер органдарының жас қызметкерлерін кәсіби тұрғыда қалыптастыруға, олардың қызметке бейімделуіне және моральдық-адамгершілік тәрбиесіне үлес қосып жүрген ішкі істер органдарының ардагері Саламат Абдрахманов «Қазақстан полициясына 30 жыл» естелік төсбелгісімен және Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының алғысхатымен марапатталды.

Сондай-ақ жиында БҚО полиция департаменті өкілі мен аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жас сақшыларға ақжолтай тілектерін білдірді.
– Бұл – біз үшін тағылымы терең, маңызы зор тарихи әрі тәрбиелік мәні бар шара. Құқық қорғау органдарында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті, батылдықты, тәртіптілікті және Отанға адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қызмет етеді.
«Жас сақшы» сыныбы – жай ғана оқу сыныбы емес, ол- жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты, тәртіптілікті, батылдықты және құқықтық мәдениетті қалыптастыратын тәрбие мектебі, - деді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.

Салтанатты шараның маңызды бөлігі «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының уәде беру рәсімі болды. Арнайы дайындықтан өткен оқушылар салтанатты түрде өз міндеттеріне адал болуға, Отанын сүюге, заң мен тәртіпті құрметтеуге уәде берді. Рәсімнен кейін жас сақшыларға «Жас сақшы» туы табысталды.
Іс-шара барысында Алпамыс Жексенбаевтың жұбайы Баян Баймұханқызына сөз беріліп, полиция қызметкерінің есімін ұлықтап, жас ұрпаққа өнеге етуге бағытталған бастаманың маңызы атап өтілді.
Салтанатты жиынның қорытындысында Алпамыс Жексенбаевтың есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбының лентасы қиылды. БҚО полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әзілхан Батырханұлы мен аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы лента қию рәсімін атқарды.

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған Алпамыс Жексенбаевтың есімі берілген сыныпта оның тұтынған заттары, құжаттары, фото суреттері қойылған.
Жаңа сынып оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дамытуға бағытталған тәрбиелік алаңға айналмақ.

С. Хасанов,
Қаратөбе ауданы