Жаңақала аудандық кітапханасында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында тартысқа толы пікірсайыс турнирі өтті.

Түрлі ауылдық округтерден жиналған білікті мамандар сөз шешендігі мен ой ұшқырлығын таразыға салып, өзекті мәселелерді ортаға тастады.
Сайыстың алғашқы палатасында Арман Ещанов пен Альбек Кайршаков және Фариза Махамбетова мен Бейбіт Күмісқалиев «Кәсіпкерлік қызметті декларациялау және мүдделер қақтығысының болмауы шартымен мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлікпен айналысуына бола ма?» деген тақырып төңірегінде қызу пікір таластырды. Екінші палатада Аманкелді Жақсыбаев пен Алмагүл Базарғалиева және Аида Макзумова мен Даурен Мерешов «Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толығымен жасанды интеллектіге беруге бола ма?» деген заманауи сұрақты талқылап, қарсылас командалар өз позицияларын дәлелдеп бақты. Әр турда өз тақырыптары бойынша үздік өнер көрсеткен командалар финалға жолдама алды.

Шешуші кезеңде қатысушылар «Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде үміткердің адалдығы, жауапкершілігі мен әдептілігін қамтитын жеке қасиеттері маңызды ма, әлде оның кәсіби білімі мен тәжірибесі жоғары бағалануы тиіс пе?» деген сауал аясында сөз таластырды.
Тартысты сөз сайысының қорытындысы бойынша Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Аманкелді Талғатұлы мен С. Меңдешев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмагүл Талғатқызы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы