Жаз бойғы еңбектің жемісін көріп, күздің берекесін қамбаға құятын шақта ауылдың сабантойға жиналатын жарасымды дәстүрі ежелден бар. Базартөбеде өткен «Сабантой – Дала FEST» мәдени-спорттық шарасы да осы дәстүрді жалғап, ауыл тұрғындарының басын қосты.

Дала мерекесіне алты мекеменің ұжымы қатысты. Шараның ашылуында ауылдық округ әкімі Нұрбек Зиеденов құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының ынтымағын нығайтуға бағытталған бастаманың маңызына тоқталды. Қатысушылардың өнері мен шеберлігін ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес төрағалары, ардагер ұстаздар мен ауыл азаматтарынан құралған әділқазылар бағалады.

Сабантой аясында өткен сайыс сегіз бағытты қамтыды. Командалар алдымен өздерін таныстырып, «Ауыл сәні» кезеңінде ұлттық нақыштағы және ауыл тұрмысына сай киім үлгілерін ұсынды. «Ауыл дастарханы» мен «Тосап FEST» көрмесі қатысушылардың ас әзірлеудегі шеберлігін танытты. Ал «Шөп рулоны» эстафетасы, ағаш кесу мен жинау сайысы ауыл тіршілігіндегі үйреншікті жұмыстың өзін тартысты бәсекеге айналдырды. Қарап тұрсаң, күнделікті шаруа. Жарысқа түскенде оның да ебі мен есебі бар екені байқалады. «Дала эстафетасы» мен арқан тартуда командалардың ұйымшылдығы сыналды. Ал «Дала әуені» шығармашылық кезеңі ұжымдардың өнерін паш етті.
Сайыс қорытындысында ветеринария ұжымының «Вет қырандары» командасы І орынды жеңіп алды. ІІ орын Базартөбе орта мектебі жанындағы интернаттың «Интернат жүйріктері» командасына бұйырды. ІІІ орынды мектеп ұжымының «Береке бастауы» және ауылдық аурухананың «Жеті қазына» командалары бөлісті. Ауылдық округ әкімдігі аппаратының «Ел тірегі» командасы «Сабантой сәнін келтірген» аталымына ие болса, мәдениет үйінің «Мәдениет жұлдыздары» командасы «Бірлігі жарасқан ұжым» атанды.
Ауылдағы жақсы бастаманың жүзеге асуына қолдау білдіретін азаматтардың үлесі қашанда маңызды. Шараға Нұрбек Сәлімов, Алтай Жарғалиев, Жарас Сейтімов, Жанболат Құрманғалиев, Олжас Рамазанов, Нұрдәулет Жұмабеков, Бердіғали Сұлтанбеков қаржылай демеушілік көрсетті.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы