Қоскөл ауылдық округінде қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық дәстүрін дәріптеуге арналған «ТАРЫ FEST – Қасқыртау 2026» аймақтық фестивалі өтуде.

Шара қазақ дастарқанынан ерекше орын алған тары өнімін насихаттау, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және ауылдар арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында оздырылуда.

Фестивальге көршілес Ақтөбе облысының Қобда ауданынан және ауданның Шөптікөл, Саралжын, Аққозы, Ақтайсай, Сулыкөл, Жусандыой, Егіндікөл, Қоскөл ауылдарынан командалар қатысуда.

Фестиваль бағдарламасы бес кезеңнен тұрады. Әр кезең халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптеп, қатысушылардың өнері мен шеберлігін танытуға бағытталған.

Алғашқы «Тары – қазақтың дәстүрлі тағамы» кезеңінде қатысушылар тарыны өңдеу, қуыру, түю тәсілдерін көрсетіп, ұлттық ас дайындау дәстүрін жаңғыртуда.

«Ұлттық сән» кезеңінде қазақы киім үлгілері таныстырылып, ұлттық ою-өрнек пен киім мәдениетінің ерекшелігі насихатталуда.

«Сары алтындай сары күз, ақ дастарқан – мол ырыс» кезеңінде күзгі өнімдер мен ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақтың қонақжайлық дәстүрі дәріптелуде.
Ал «Күз сыйы – қолөнер» көрмесінде қатысушылар ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын ұсынып, шеберліктерін паш етуде.

Фестивальдің «Сазды сәлем» атты қорытынды кезеңінде әр команда екі музыкалық шығарма орындап, ән мен күй өнеріндегі қабілеттерін көрсетуде.
Сонымен қатар фестиваль аясында асық ату мен садақ атудан ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынауда.
Р.Абай
Қаратөбе ауданы