13.11.2026, 11:00
Оқылды: 6

Декреттік демалыстағы әйелдердің зейнетақы жарнасы азая ма?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын әйелдердің зейнетақы шотына мемлекет тарапынан қосымша қаражат аудару тоқтатылады. Соның салдарынан декреттік демалыста отырған аналардың зейнетақы жинағы бұрынғыдан баяу көбейеді. Бұл өзгеріс бұған дейін декретке шыққан әйелдерге де қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

healthy pregnancy. Side view pregnant woman with big belly advanced pregnancy in hands. Banner copyspace for text. Elegant mother waiting baby

Сурет: istockphoto.com

Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 11 маусымдағы №306-VIII заңда көзделген. Құжат күшіне енгеннен кейін Әлеуметтік кодекстің бюджет қаражаты есебінен зейнетақы жарналарын субсидиялауды реттейтін 87–89-баптары қолданыстан шығарылады.

Әңгіме Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты төлем алатын әйелдерге көрсетілетін қосымша қолдау туралы болып отыр.

Маңыздысы – бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Аналар бұрынғыдай тиісті төлемін ала береді. Оның бір бөлігі міндетті зейнетақы жарнасы ретінде БЖЗҚ-ға аударылады. Тек мемлекет қосымша төлеп келген қаражат енді берілмейді.

Қазір декреттегі әйелдердің зейнетақы жарнасы қалай есептеледі?

Қазіргі тәртіп бойынша бала туғанға дейін ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары жүргізілген әйел МӘСҚ-дан ай сайын әлеуметтік төлем ала алады. Оның көлемі соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударым есептелген орташа айлық табыстың 40 пайызына тең.

Белгіленген төлемнің 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталып, БЖЗҚ-дағы жеке шотқа аударылады.

Бұдан бөлек, қазір мемлекет әйелдің декретке шыққанға дейінгі табысы негізінде есептелетін зейнетақы жарнасы мен бала күтімі төлемінен ұсталған жарнаның арасындағы айырманы бюджет есебінен толықтырады.

Осының арқасында белгілі бір талаптарға сай келетін аналардың зейнетақы шотына декретке дейінгі кезеңдегідей көлемде қаражат түсіп отырған.

Зейнетақы жинағы қаншаға азаяды?

Мәселен, декретке дейін әйелдің орташа айлық табысы 500 мың теңге болды делік. Осы табыс әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілген жағдайда, бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем 200 мың теңгені құрайды. Бұл – бұрынғы табыстың 40 пайызы.

Осы сомадан 10 пайыз, яғни 20 мың теңге міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталады. Демек, әйелдің қолына 180 мың теңге тиеді. Ал мемлекет оның зейнетақы шотына қосымша 30 мың теңге аударады.

Осылайша, қазіргі тәртіп бойынша БЖЗҚ-ға ай сайын 50 мың теңге түсіп отырады.

Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет аударатын 30 мың теңге тоқтайды. Бұдан кейін зейнетақы шотына тек әлеуметтік төлемнен ұсталатын 20 мың теңге ғана түседі. Яғни бұл мысалдағы зейнетақы жарнасының ай сайынғы көлемі 60 пайызға азаяды.

Әрине, бұл – шартты есеп. Нақты айырмашылық әйелдің декретке дейінгі табысына және әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілген кірісіне байланысты болады.

Сонымен бірге мемлекеттік субсидияның тоқтауы ананың қолына алатын әлеуметтік төлем сомасын азайтпайды. Себебі қосымша қаражат әйелге берілмей, тікелей БЖЗҚ-дағы шотына аударылып келген.

Бұған дейін декретке шыққандар да қосымша жарнадан қағыла ма?

Иә. Жаңа талаптар 2027 жылдан кейін бала туатын әйелдерге ғана емес, қазірдің өзінде декреттік демалыста отырған және мемлекеттік субсидия алып жүрген аналарға да қолданылады.

Заңда 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған бюджет субсидияларының төлемі осы күннен бастап тоқтатылатыны нақты көрсетілген.

Демек, қазір бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлеммен бірге қосымша зейнетақы жарнасын алып жүрген әйелдердің шотына келесі жылдың басынан бастап бұл қаражат аударылмайды.

Алайда бұған дейін жиналған зейнетақы қаражаты БЖЗҚ-да сақталады. Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлем бұрынғы тәртіппен жалғаса береді.

2027 жылы декреттік төлемдерге тағы қандай өзгеріс енгізіледі?

Зейнетақы жарнасын субсидиялаудың тоқтатылуы әйелдердің декреттік төлем алу құқығынан айырылатынын білдірмейді. Керісінше, 2027 жылдан бастап МӘСҚ-дан берілетін бала күтімі төлемін алу тәртібіне де өзгерістер енгізіледі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының түсіндіруінше, енді ана бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі төлемді жұмысқа ерте шыққан жағдайда да ала алады.

Қазіргі ереже бойынша әйел жұмысқа қайта кіріссе, табысынан айырылуына байланысты тағайындалатын әлеуметтік төлем тоқтатылады. Ал жаңа жылдан бастап жұмысқа шығу төлемді тоқтатуға өздігінен негіз болмайды.

Сондай-ақ бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алу құқығы анасына бекітіледі. Анасы қайтыс болған жағдайда бұл төлемді баланың заңды өкілі ала алады.

Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің де декреттік төлем алуға құқығы бар. Ол үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, тиісті жарналарды аударып отыру қажет. Төлем мөлшері әлеуметтік аударым жасалған табысқа қарай есептеледі.

Сондай-ақ жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдарды уақытылы жүргізіп отырғанын eGov порталы, кейбір банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО арқылы тексеруге болады. Бұл әсіресе декретке шығар алдында маңызды, өйткені әлеуметтік аударымдар тарихы сақтандыру төлемін алу құқығы мен оның мөлшеріне тікелей әсер етеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале