Әуежай – қауіпсіздік шаралары күшейтілген нысан. Мұнда заң талаптарының сақталуына тек тиісті қызметтердің қызметкерлері ғана емес, әрбір жолаушы да жауапты. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі азаматтарды сақ болуға және әуе сапарына дайындық кезінде күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жазды.

Қаскүнемдер жолаушылардың сенімділігін пайдаланып, тыйым салынған заттарды тасымалдауға әрекет жасауы мүмкін. Осы мақсатта олар белгілі бір ақыға конвертті, сәлемдемені немесе багажды басқа қалаға не шет мемлекетке жеткізіп беруді ұсынады. Алғашында мұндай өтініш зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда жөнелтілімнің ішіндегі заттардың не екені белгісіз болса, бұл елеулі құқықтық салдарға әкеп соғуы ықтимал.
Ең басты қағида – ішіндегі заттардың сізге белгісіз сәлемдемелер мен жүктерді тасымалдамау. Мұндай ұсыныстарды тіпті туыстарыңыздың танысы ретінде таныстырған адамдардан немесе ақшалай сыйақы ұсынған адамдардан да қабылдамаған жөн. Сондай-ақ жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз және бөгде адамдарға багажыңызға қол жеткізуге мүмкіндік бермеңіз.
Халықаралық әуе рейстері кезінде ерекше сақтық таныту қажет. Тауарларды немесе құндылықтарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу контрабанда ретінде саралануы мүмкін және бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Күдік тудыратын заттарды байқасаңыз, сәлемдемелерді тасымалдауға қатысты күмәнді ұсыныстар алсаңыз немесе құқық бұзушылықтың өзге де белгілерін анықтасаңыз, дереу полиция қызметкерлеріне немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты заң талаптарын саналы түрде сақтау мен қоғам қауіпсіздігі үшін әр адамның жеке жауапкершілігін білдіреді. Жолаушылардың қырағылығы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтарды қорғауға және әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Заңды сақтау әр адамның жеке таңдауынан басталады. Ішіндегі заттары белгісіз бөгде сәлемдемелерді тасымалдамаңыз және қаскүнемдердің сізді қылмыстық әрекетке тартуына жол бермеңіз.