13.11.2026, 10:15
Оқылды: 10

Қорғаныс министрлігінде мерзімді әскери қызметшілерге арналған 1 000-нан астам білім беру гранты бөлінді

 

Астанада 2025 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған мерзімді әскери қызметшілерге мемлекеттік білім беру гранттары мен ЖОО-дағы оқу орындарын бөлу мәселесі бойынша күштік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. 

4fa857674edcdab73676b10645ea749731898c9e6ddae6f3b7a42c12a5598536_1280x720
Отырысқа Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков, Бас инспектор - Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева, Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша еліміздің азаматтық және ведомстволық жоғары оқу орындарында барлығы 1 040 орын бөлінді. Оның ішінде 800 мемлекеттік білім беру грантын Ғылым және жоғары білім министрлігі, ал 240 орынды күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары ұсынды.
Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, конкурстық іріктеу «Срочники 2.0» платформасы арқылы цифрлық форматта өткізілген.
– Жас азаматтар үшін бұл – әскери қызметін аяқтағаннан кейін білімін жалғастырып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге берілген жақсы мүмкіндік. Үміткерлердің рейтингін қалыптастыру кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндеттерін орындау сапасы, психологиялық даярлығы және тестілеу қорытындылары ескерілді. Осы көрсеткіштер негізінде жауынгерлік сайыстың қорытындысы бойынша білім беру гранттарына ие болғандар анықталды, – деп түсіндірді майор Л. Перякина.
Конкурстық іріктеуге 160 әскери бөлімнен 8 823 әскери қызметші қатысты. Конкурс нәтижелері мен жеңімпаздардың сертификаттары «Срочники 2.0» платформасында жарияланды.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған бастамасы заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Жоғары оқу орындарына түсетін әскери қызметшілер үшін бірқатар қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, оқудың алғашқы жылында жатақханадан басымдықпен орын беру және шәкіртақы төлеу көзделген.
Жобаны іске асыруға Құрылтай депутаттары Нұргүл Тау мен Олжас Құспеков те елеулі қолдау көрсетті. Олар білім беру жеңілдіктерін жүзеге асыруға байланысты практикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Сонымен қатар депутаттар еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік беретін білім беру бағыттарының тізімін одан әрі кеңейтуді қолдап отыр.
Бүгінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастарды даярлау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс мамандықтары, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария, сондай-ақ қызмет көрсету саласы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале