17.11.2026, 11:15
Оқылды: 5

Ақжайық ауданының жеті кереметі бейнеленген жаңа кәдесый дайындалды

Ақжайық ауданына келген қонаққа өңірдің тарихы мен ерекшелігін таныстыратын жаңа кәдесый дайындалды. Ауданның жеті кереметі бейнеленген танымдық панно сыйлы қонақтарға тарту етіледі.

IMG_4611

Панноға енетін дүниелерді таңдау үшін бұған дейін арнайы алқа отырысы өтті. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, ауданның тарихи-мәдени мұрасы, киелі орындар мен өңірге тән ерекшеліктер жөнінде кеңесті. Солардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жеті керемет деп танылған дүниелер іріктелді.

Аталмыш туындыда Шағырай батыр мен Орақ әулие, Науша батыр, Байбарақ батыр кесенелері, Керік сұлу кесенесі, «Еділ мен Жайық» әніне арналған ескерткіш, аспалы көпір және Тайпақ қарбызы бейнеленген. Ел жадындағы тұлғалар, тарихи орындар мен өңірдің атын танытқан өнім осылайша бір композицияға біріктірілді. Ортасына аудан картасының сұлбасы орналастырылып, айналасы ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген.

Панномен бірге арнайы брошюра да шығарылды. Онда жеті кереметтің әрқайсысы туралы кеңінен мәлімет берілген. Толығырақ білгісі келген адам QR-кодты сканерлеп, телефон арқылы қосымша ақпаратқа қаныға алады.

Паннолардың алғашқы партиясын шығаруға «Аманер IZI» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Досқалиев демеушілік көрсетіп, туған өлкенің мұрасын танытуға арналған бастаманың жүзеге асуына септесті.

Танымдық панно мен брошюра ауданның туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған. Өңірдің тарихи орындары мен өзіндік ерекшеліктерін таныстыру қонақтардың қызығушылығын арттырады әлбетте.

 

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале