Ақпараттық кеңістікте кез келген хабарлама шынайы ақпаратты жеткізе бермейді. Кейде оның астарында адамның санасына әсер ету, сенімін өзгерту немесе белгілі бір идеологияға тарту мақсаты жатады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын экстремизм мен терроризмнің радикалды сипаттағы үндеулер адамның эмоциясына әсер етіп, сыни ойлау қабілетін әлсіретуге бағытталуы мүмкін.

Радикалды үгітшілердің басты тәсілдерінің бірі – манипуляция. Олар өз ұстанымдарын ашық насихаттаудан гөрі, адамның бойындағы қорқыныш, әділетсіздік сезімі, жалғыздық немесе рухани ізденіс сияқты психологиялық ерекшеліктерді пайдалануы мүмкін. Мұндай хабарламалар көбіне діни түсініктермен, қоғамдағы мәселелермен немесе жеке адамның өмірлік қиындықтарымен байланыстырыла беріледі.
Мұндай ықпал көбіне ашық үгіттен емес, қарапайым әңгімеден, бейнежазбадан немесе жеке хат алмасудан басталуы мүмкін. Манипулятивті хабарламалардың негізгі белгілері:
«Біз ғана дұрыс жолдамыз», «Басқалардың барлығы адасқан» деген сөздер арқылы өзге пікірлерді жоққа шығарып, адамды біржақты ойлауға итермелейді.
«Бізге қосылмасаң, қателесесің», «Бізді қолдамасаң, қарсы тараптасың» деген мазмұндағы хабарламалар адамның эмоциясына қысым жасайды.
Нақты оқиғадан үзінді алу, бейнежазбаны контекстен бөліп тарату, тексерілмеген діни дәйексөздер мен жалған деректерді қолдану – аудиторияның пікірін өзгерту тәсілдерінің бірі.
Ресми дереккөздерге сенбеуге, мамандардың пікірін тыңдамауға, жақындарымен талқыламауға шақыру – манипуляциялық ықпалдың маңызды белгілерінің бірі.
Алғашында жеке сұрақтарға жауап беріп, кейін жабық чаттарға шақыру, ақпаратты өзгелерден жасыруды талап ету немесе белгілі бір топқа ғана сендіру әрекеттері кездесуі мүмкін.
Манипуляцияны байқаған кезде не істеу керек? Ең маңыздысы – эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдамау. Кез келген күмәнді хабарламаға мынадай бес қадам арқылы баға беруге болады:
Авторын анықтаңыз. Ақпаратты кім жариялаған? Оның дереккөзі мен мақсаты белгілі ме?
Дереккөзін тексеріңіз. Ақпарат ресми ресурстарда немесе тәуелсіз сенімді басылымдарда расталған ба?
Мәтіннің мақсатын түсініңіз. Ол ақпарат беріп отыр ма, әлде қорқытып, кінәлап немесе белгілі бір әрекетке мәжбүрлеп отыр ма?
Контексті зерттеңіз. Дәйексөз бен бейнежазба түпнұсқадан алынған ба? Оқиғаның толық нұсқасы бар ма?
Таратуға асықпаңыз. Күмәнді материалды бөліспеңіз. Егер онда зорлық-зомбылыққа шақыру немесе заңсыз әрекетке тарту белгілері болса, тиісті органдарға хабарлаңыз.
Манипуляцияның басты мақсаты – адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, шешіміне сырттан ықпал ету. Сондықтан кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, оның дереккөзіне, мазмұнына және мақсатына назар аудару қажет. Есте сақтаңыз: сұрақ қоюға тыйым салатын, өзге ақпарат көздерінен оқшаулайтын және соқыр сенімге шақыратын хабарламаға сыни көзқараспен қараңыз.