Әсіре жарнама жарға жығады
Бүгіндері әлеуметтік желіде «оңай ақша табасың» деген жарнама жиі кездеседі. Әрі «Бәрі заңды, еш қиындығы жоқ» деп сендіреді. Әсіресе жастар мұны қосымша табыс деп ойлап, алданып қалуы мүмкін. Өйткені бұл – алаяқтардың әрекеті.

Фото: istockphoto
Алаяқтар мен дропперлер
«Атамекен» өнер ордасында өткен «Қазіргі заманның цифрлық мәселелері» тақырыбындағы жиынға осындай іс-әрекеттердің қауіп-қатері арқау болды. Жастардың басын қосқан жиынды облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Закир Хамзин жүргізді. Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ЭТТД) аға тергеушісі, аға лейтенант Лаура Оразғалиеваның айтуынша, осы мекеме қызметкерлері интернеталаяқтық, қаржы пирамидалары, адамдарды алдап, сеніміне кіру сияқты мәселелермен жиі бетпе-бет келеді. Аға тергеуші дроппер болуға және құмар ойынға тәуелділік жөнінде баяндады.
– Алаяқтар тұрғындарға хабарласып, банк шотын ашып, түскен ақшаны екінші адамға аударуды ұсынады. Әрі сол үшін ақша да береді. Олар осылайша өзгенің шоты арқылы интернет-алаяқтықтан, қаржы пирамидасынан немесе басқа заңсыз жолмен түскен ақшаны өткізеді. Бұл тәсіл ең соңында ақшаның кімге жеткізілгенін анықтауды қиындатады. Ал картаны немесе банк шотын заңсыз ақша аударымдары үшін басқа адамға беру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деген Лаура Нұрланқызы Оралда болған бір оқиғаны баяндап берді. Жұмыс іздеген қала тұрғыны Telegram-нан «оңай табысқа жетелейтін» хабарландыруды көріп, хабарласқан. Оған банк шотын ашып, оны басқа адамға пайдалануға беруге келісетін адамдарды табуды ұсыныпты. Осы әрекетіне ақы ретінде шотқа түскен ақшаның 7%-ын бермек болады. Сондай-ақ телефоннан шот ашуға және бейне арқылы жеке басын растауға көмектеседі. Кейін банк қосымшасына кіріп, шот деректерін Telegram арқылы ұйымдастырушыға жібереді. Сол күні осы банк шотына интернет-алаяқтарға алданған әйелдің 500 мың теңгесі түседі. Ер адам 35 мың теңгені өзіне қалдырып, қалған 465 мың теңгені ұйымдастырушыға береді. Сот бұл адамды кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді. Осы мерзім бойы оған пробациялық бақылау белгіленді.
– Біреу төлем картаны пайдаланғаны немесе ақша қабылдағаны үшін ақы ұсынса, ойланған жөн. Ол өзі жасай алатын аударым үшін сізге неге ақша төлейді? Осы бір сұрақ қауіптің алдын алуға көмектеседі. Күмәнді табыс үшін абырой мен болашақты қатерге тікпеу қажет, – деді аға лейтенант.
Қазіргі уақытта құмар ойын ойнау үшін телефон мен интернет жеткілікті. Онлайн-казинолар ірі ұтыстарды, қымбат көліктерді, саяхаттарды жарнамалайды. Ал бұларды жастар өздері сенетін блогерлердің аузынан естісе, ойын арқылы оңай ақша табуға болады деген ойға бекінеді. Алайда іс жүзінде қарызға батуы, отбасымен жанжалдасуы, тіпті ойынға тәуелді болып қалуы мүмкін. Өйткені ұтылған ақшасын қайтаруға тырысып, несие алады, жақындарынан қарыз сұрайды. Кейде бұл қылмыс жасауға да итермелеуі кәдік.
Аға тергеуші Лаура Нұрланқызының айтуынша, департамент қызметкерлері онлайн-казино жарнамасы бар 3 700-ден астам сілтемені анықтап, бұғаттауға жолдаған. Заңсыз лотерея ұйымдастырған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің материалдары бойынша онлайн құмар ойындарды жарнамалаған 34 блогер жауапкершілікке тартылды. Департамент мамандары құмар ойынға байланысты үш қылмыстық істі аяқтаған. Мәселен, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС бас бухгалтері өз шотына заңсыз 28 миллион теңгеден астам ақша аударған. Оның 8 миллион теңгеден астамын букмекерлік кеңселерде бәс тігуге жұмсаған. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың бухгалтері шамамен 7 миллион теңгені иемденіп, құмар ойынға жұмсап, ұтылған. Ол сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Теректі балалар музыка мектебінің бас бухгалтері 22 миллион теңгені заңсыз иемденіп, букмекерлік кеңседе бәс тіккен. Осы үш істің өзінде шамамен 57 миллион теңге ұрланған. Ұтылған ақшасын қайтаруға тырысқан адам өзіне сеніп тапсырылған қаржыға қол сұғып, кәсіби беделінен, тіпті бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу адамның денсаулығы мен отбасының жағдайы үшін де, бюджет қаражатын қорғау үшін де маңызды.
Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарда шектеулер бар. 21 жасқа толмаған адамдарға, құмар ойынға қатысуы шектелгендер тізіміне енгізілген азаматтарға және мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша міндетін орындамаған адамдарға құмар ойын ойнауға және бәс тігуге тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшілерге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті талаптар қолданылатын басқа адамдарға арнайы шектеулер қойылған. Бұл талаптарды бұзу тәртіптік жауапкершілікке, тіпті жұмыстан босатуға әкелуі мүмкін.
– «Міндетті түрде ұтасың» деген уәде ойынға адам тарту үшін айтылады. Құмар ойынға тәуелді адамды кінәлаудың орнына, оған дер кезінде көмектесу керек. Алаяқтардың әдістері өзгеріп жатыр. Департамент те жұмыс тәсілдерін жаңартып, деректерді талдауға, ішкі жұмысын цифрландыруға және жасанды интеллектіні қолдануға көңіл бөліп отыр. Біздің міндетіміз – қауіпті ерте байқап, қылмыстың алдын алу. Жұмысымызды бағалағанда қанша қылмыс анықталғанын да, қанша адамды ақша жоғалтудан немесе заңсыз іске араласудан сақтай алғанымызды да ескеруіміз керек. Бұл «дертпен» қоғам болып күрескеніміз жөн.
Жастар көптеген ақпаратты әлеуметтік желіден алады.
Мысалы, блогерлер дропперлік пен қаржы пирамидалары туралы қысқа видео түсіре алады. Спортшыларға жастарды құмар ойыннан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру оңайырақ. Ал ақындар, мәдениет өкілдері мен жастар ұйымдары бұл мәселені кездесулер мен жобаларында көтере алады. Осылайша ондаған, тіпті жүздеген мың адамға ақпарат жеткізуге болады. Департамент мұндай бастамаларға материалдар мен нақты мысалдар беруге, қысқа видеолар, әлеуметтік челлендждер мен жастармен ашық кездесулер сияқты ортақ жобаларға қатысуға дайын, – деді Лаура Нұрланқызы.
«Алаяқ» SIM-бокстар
Іс-шарада БҚО бойынша ЭТТД криминалисі, аға лейтенант Аружан Төлегенова SIM-бокс (SIM box) туралы жан-жақты ақпарат берді.
–SIM-бокс – көптеген физикалық және виртуалды SIM-картаны орналастыруға арналған және VoIP-шлюз жүйесінің құрамында қолданылатын арнайы құрылғы. VoIP-шлюз – интернет арқылы дауыстық байланысты жүзеге асыратын технологиялық жабдық. SIM-бокстың ішіндегі SIM-карталар шлюзбен байланысқанымен, олар одан бөлек орналастырылып, сақталуы мүмкін. SIM-бокстардың өзі заңды мақсаттарда қолданылуы ықтимал. Алайда алаяқтар бұл құрылғыларды қылмыстық мақсатта пайдаланып, SIM-бокс арқылы алаяқтық жасайды (SIM box fraud), – деді аға лейтенант.
SIM-бокс арқылы жасалатын алаяқтық – арнайы құрылғыларды пайдалану арқылы ұялы байланыс операторының сенімді желісі ішінде алаяқтық телефон трафигін қалыптастыру тәсілі. Бұл технология көбінесе SIM boxing деп аталады. Ол алаяқтарға қоңырауларды тікелей байланыс операторының желісінен жасалғандай етіп көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, қаскөйлер STIR/SHAKEN жүйесінің кейбір тексерулерін айналып өтуі мүмкін. Ал STIR/SHAKEN дегеніміз – телефон нөмірлерін қолдан өзгертіп көрсетуге (Caller ID spoofing) қарсы күресу мақсатында әзірленген қоңыраулардың түпнұсқалығын тексеру жүйесі.
Криминалистің айтуынша, алаяқтар SIM-бокстарды пайдалану арқылы кейбір тексеру тетіктерін айналып өтеді. Осылайша өздерін белгілі әрі сенімді компаниялардың өкілдері ретінде таныстыра алады. Ал телефон нөмірін қолдан өзгертіп көрсету үшін қосымша технологияларды пайдаланады. Мысалы, шетелде отырған алаяқ Қазақстан азаматына қоңырау шалғанда қоңыраудың жергілікті нөмірден түскендей көрінгенін қалайды. Сондықтан көптеген SIM-картасы бар SIM-боксты пайдаланады. Қоңырау алдымен интернет арқылы SIM-бокс құрылғысына түседі. Содан кейін құрылғы оны жергілікті SIM-карта арқылы Қазақстанның ұялы байланыс желісіне бағыттайды. Нәтижесінде азаматтың телефонында қазақстандық нөмір көрсетіледі. Азамат қоңырау шалушы адамды Қазақстанда жүр деп ойлап, оған сеніп қалуы мүмкін. Сондықтан SIM-бокстар телефон алаяқтарының қолындағы қауіпті құралдардың біріне айналуда.
Аружан Алғадайқызының айтуынша, SIM-бокс арқылы жасалатын алаяқтықтың түрі көп. Біріншісі, халықаралық байланыс тарифтерін айналып өту (Bypassing International Charges). Яғни жоғарыда айтқандай, шетелдік нөмірді қазақстандық қоңыраулар ретінде көрсете алады. Бұл тәсіл халықаралық байланыс тарифтерін айналып өтуге және халықаралық телефон қоңыраулары үшін алынатын қосымша төлемдерден жалтаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде байланыс операторлары халықаралық қоңыраулардан алуы тиіс табыстарынан айырылады. Екіншісі, хабарламаларды жаппай тарату (Mass Messaging). SIM-бокстармен бір уақытта көптеген SIM-картаны пайдалануға болатындықтан, алаяқтар солардың көмегімен спам және фишингтік SMS-хабарламаларды жаппай жібере алады. Мұндай аутоматтандырылған хабарламалар robotexts деп те аталады. Олар көбінесе белгілі компаниялардың, мемлекеттік мекемелердің немесе басқа да ұйымдардың атынан жіберіледі. Хабарламалардың ішінде зиянды сілтемелер болуы мүмкін. Ал мұндай сілтемелерге өту пайдаланушының жеке деректерінің ұрлануына әкелуі ықтимал. Үшіншісі, жалған SIM-карталарды пайдалану (Forged SIM Cards). Яғни алаяқтар SIM-бокстар арқылы қылмыстық әрекеттерді ұйымдастыру үшін әртүрлі жолмен алынған SIM-карталарды пайдалануы мүмкін. Олар – клондалған, яғни түпнұсқа SIM-карталардан заңсыз көшірілген карталар, ұрланған – заңды иесінің рұқсатынсыз алынған карталар, ал заңсыз алынған SIM-карталар – жалған құжаттармен, басқа адамдардың жеке деректері арқылы рәсімделген карталар.
Криминалистің кеңесі
Қазақстанда SIM-бокстарды заңсыз пайдаланғандар жауапкершілікке тартылады. 2025 жылғы 30 тамыздан бастап SIM-бокстардың заңсыз айналымын шектеуге бағытталған заңнамалық нормалар күшіне енді.
– GSM-шлюздерді елге әкелу, сату және пайдалану Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» заңымен реттеледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 213-бабындағы заңсыздықтар үшін (Ұялы байланыстың абоненттiк құрылғысының сәйкестендiру кодын, абоненттi сәйкестендiру құрылғысын құқыққа сыйымсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттiк құрылғының сәйкестендiру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату) 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Ұйымдасқан алаяқтық схемаларға қатысса, қылмыстың құрамына байланысты неғұрлым қатаң жауапкершілік туындауы ықтимал, – деді аға лейтенант.
Айта кету керек, Қазақстанда бір адам жеке және отбасылық қажеттіліктері үшін 10 абоненттік нөмірге дейін рәсімдей алады. Егер 10-нан астам нөмірді тіркеу керек болса, оның не үшін қажет екенін және қандай құрылғыларда пайдаланатынын көрсетуі тиіс. Корпоративтік SIM-карталарды пайдаланатын қызметкерлердің жеке басы биометриялық сәйкестендіру арқылы тексеріледі.
Департаменттің криминалисі SIM-бокс арқылы жасалатын алаяқтықтан қалай қорғану қажеттігін де айтты. Егер қоңырау шалушы күмән тудырса, сөйлесудің қажеті жоқ. Құпия мәліметтерді ешкімге беруге болмайды. SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздерді және банк картасының деректерін бөгде жанға айтпау керек. SIM-карталарды бөтен адамдарға бермеген жөн. Ақша табу мақсатында үйге қандай қызмет атқаратыны белгісіз телекоммуникациялық құрылғыларды орнатудың жөні жоқ.
Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Закир Хамзин жыл бойы өңірдегі барлық оқу орнында жастармен кездесулер өтетінін айтты. Мұндай басқосуларда алаяқтық пен дропперлік жан-жақты талқыланып, қауіпсіздік шаралары да айтылатынын атап өтті. Бұл жиында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Аңсар Оразбаев, Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ардақ Сағынғали және басқа да жастар мәселеге қатысты ойларын ортаға салды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»