Соңғы бес жылда Қазақстанда құс шаруашылығы қарқынды дамып, отандық өндірістің әлеуеті айтарлықтай артты. Бұр туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жазды.

Атап айтқанда, құс етімен ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін көтерілді. Оған мемлекеттік қолдау, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу ықпал етті.
Алдағы уақытта ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы саланы одан әрі нығайту жоспарланып отыр. Бұл құс етін өндіру көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті төмендетуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Қазіргі таңда елімізде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 37-сі жұмыртқа өндіруге маманданған, жылдық өндірістік қуаты – 4,5 млрд дана. Қалған 33 кәсіпорын құс етін өндірумен айналысады. Олардың жылдық жиынтық қуаттылығы 510 мың тоннаға жетеді. Айта кету керек, жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өнім есебінен толық өтеп отыр.
Болашақта жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік беретін қосымша өндіріс орындарын іске қосу көзделген. Соның ішінде «Aitas» пен «Алель Агро» кәсіпорындары қолға алатын жобалар 170 мың тонна жаңа өндірістік қуат қалыптастырмақ. Бұл бастамалар ішкі нарықтағы отандық құс етінің үлесін едәуір арттырады.