2028 жылы Шыңғырлау ауданының құрылғанына 100 жыл толады. Осыған орай, Оралда ауданның экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында «Шыңғырлау ауданының 100 жылдығына – 100 инвестициялық жоба» атты инвестициялық форум өтті. Іс-шарада осы ауданнан шыққан, бүгінде жан-жақта әр салада табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер, түрлі қызметтегі азаматтар, зейнеткерлер бас қосты.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев бұл жиынды ауданның инвестициялық әлеуетін таныстыратын, кәсіпкерлік бастамаларды қолдайтын және туған жердің болашағы үшін ортақ мақсаттарды айқындайтын алаң деп атап өтті. Шыңғырлау ауданының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ауқымды міндеттер бар екенін алға тартты. Олар – аудан экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту.
– Сіздер бүгінде еліміздің әр өңірінде табысты кәсіп жүргізіп, биік белестерді бағындырып келесіздер. Десе де, жүректің түкпіріндегі ең ыстық мекен – қасиетті туған өлке. Туған жеріне жанашыр азаматтардың қолдауы – ауданымыздың дамуына серпін беретін үлкен күш. Біздің мақсатымыз – мерейтойды тек мерекелік іс-шаралармен емес, ауданның болашағына қызмет ететін нақты жобалармен қарсы алу, – деді аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы.
Бұдан әрі ол ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы, қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Бюджет пен кәсіпкерлік
2023-2026 жылдары аралығында аудан бюджеті 26,5 млрд теңгені құрады. Өз кірістері есебінен түскен қаражат 5,4 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде салықтық түсімдер – 4,7 млрд теңге. Басқа өңірлердегі 11 кәсіпкер ауданға тіркеліп, нәтижесінде биылғы 10 айда жергілікті бюджетке қосымша 53,7 млн теңге салық түскен.
Әкімнің айтуынша, бюджет кірістерінің ұлғаюы жергілікті мәселелерді шешуге, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ауданда 916 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 627,9 млн теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 6,8 млрд теңге. Бұл өткен есептік кезеңмен салыстырғанда 119,1%-ға өсті. Жыл соңына дейін жеке инвестиция 10 млрд теңгеге дейін жетпек. Биыл 175 млн теңгеге 4 жоба жүзеге асып, жаңа 12 жұмыс орны ашылды. Ал соңғы 3 жылда ауданда ойын-сауық және сауда орталығы, кемпинг, жанар-жағармай құю стансасы, көкөніс сақтау қоймасы мен бірнеше сауда орны ашылды. Әкім бұл бағытта мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану, жаңа инвестициялық жобаларды тарту жалғасады дейді.
Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Бұл саланың өнім көлемі – 16,2 млрд теңге. Егіс алқабының көлемі соңғы 3 жылмен салыстырғанда 16,1 мың гектарға артты. Биыл 10 828 гектар алқаптан жиналған дәнді дақылдың орташа өнімділігі гектарына 26,0 центнерден болды. Бункерлік салмағы 28 196 тонна астық бастырылды. Ал майлы дақылдардан 6 426 тонна өнім алынды. 2 902 гектарға күздік дәнді дақылдар себілді. Ауданда 2 051 гектар суармалы жер бар. Шаруашылықтар 1 857 гектар жерлерді игеру үшін заманауи құрал-жабдық сатып алуға ден қойған.
Кәсіп ашуға мүмкіндік мол
Аудан басшысының айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда 1 млрд 48,5 млн теңгеге 129 жоба жүзеге асты.
135 жаңа жұмыс орны ашылды. Солардың ішінде «Ханкерей 2026», «Одақ ЗКО», «Хадия ЗКО» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мал бордақылау, асыл тұқымды сүтті-етті ірі қара мал сатып алу, лизингке техника алу бағытында жұмыс жүргізуде. «Ваисов» шаруа қожалығы «Игілік» бағдарламасы аясында шетелден 100 бас герефорд тұқымды ірі қара мал (110 млн тг), «Азиз» ШҚ «Береке» бағдарламасы арқылы 1 млрд теңгеге етті бағыттағы 600 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін келіссөздер жүргізуде.
– Ауданда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендетуге мүмкіндік мол. Десе де, бүгінде өндірілген өнімнің көбі шикізат күйінде сатылып жатыр. Ендігі басты міндеттердің бірі – шикізатты сыртқа шығармай, өз ауданымызда қайта өңдеп, дайын өнім ретінде ұсыну. Мәселен, бүгінде аудандағы 69 мыңнан астам ірі қара, 60 мыңнан аса уақ мал және 13 мыңнан көп жылқы ет-шұжық цехтары мен тері-жүн өңдеу кәсіпорындарын іске қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, сүт өнімдерін өндіру, құс шаруашылығы, картоп пен бақша дақылдарын қайта өңдеу бағыттарының да болашағы зор. Екінші бағыт – туризм және жол бойындағы қызмет көрсету саласы. Самара – Шымкент, Ақсай – Шыңғырлау, Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай аутожолдарының бойында жанар-жағармай құю стансаларын, қонақүйлер, кемпингтер, дәмханалар мен сауда орындарын ашуға қолайлы жағдай бар. Үшінші бағыт – құрылыс материалдарын өндіру. Жергілікті шикізатты пайдаланып, кірпіш және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар ашуға мүмкіндік мол. Біздің мақсатымыз – ауданның шикізаттық әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашу, дайын өнім көлемін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру. Осы бағыттарда жерлес кәсіпкерлерімізбен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мұрат Амангелдіұлы.
«Ауданды бірлесіп көркейтейік»
Аудан әкімі ауылдарда медициналық нысандардың, ветеринариялық пунктердің салынғанын, мәдениет саласының ғимараттары жаңғыртылғанын атап өтті. Биыл 540,5 млн теңгеге ескі вокзалдың орнына жаңа теміржол бекеті салынды. Апатты жағдайдағы №23 өрт сөндіру бекетінің орнына салынып жатқан 6 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасына арналған модульдік ангар жуырда пайдалануға берілмек. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Ақшат, Ақсуат ауылдарында өрт сөндіру бекеттері салынып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында 2,6 млрд теңгеге салынған 160 пәтерлі тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға берілді. Оның ішінде аудан орталығынан бөлек, Қарағаш, Ақсуат, Сегізсай, Шоқтыбай, Ақбұлақ, Ащысай, Амангелді ауылдары бар. Аудан басшысы сондай-ақ электр желілерін жаңарту, аудан-ауылды көркейту, аутокөлік жолдарын салу бағытында атқарылған жұмысты баяндады.
– Ауданымыздың болашағы тек аудан орталығының дамуымен шектелмеуі керек.
Әсіресе тұрғындар саны азайып бара жатқан Қайыңды, Қотантал, Ұрысай, Қызылкөл, Ақсоғым, Жаңакүш, Аққұдық, Торыатбас, Талдысай, Жіңішке және басқа да ауылдарымыздың дамуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Өздеріңіздің балалық шақтарыңыз өткен ауылдарыңыз бірнеше жылдан кейін ауданымыздың картасынан жоғалып кетуі әбден мүмкін. Осы ауылдарда дүниеге келіп, бүгінде еліміздің әр түкпірінде табысты еңбек етіп жүрген азаматтарға айтарым бар. Егер туған ауылдарыңызды дамытуға қатысты ұсыныстарыңыз, жобаларыңыз бен бастамаларыңыз болса, біз оларды әрдайым тыңдауға және бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз.
Елімізде үлгілі ауылдар аз емес. Мәселен, Қостанай облысындағы Родина, Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылдарына қызығып, сол жақта тұруды армандайтын азаматтар да бар. Осындай көркейген, тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылған ауылдарды өз ауданымызда неліктен қалыптастырмаймыз?! Біздің де елді мекендердің өзіндік әлеуеті мен мүмкіндігі бар. Ең бастысы, ниет, нақты бастама және бірлескен жұмыс қажет, – деген ұсынысын жеткізді әкім.
Жомарт жандар тартуы
Бұдан соң аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев жергілікті тұрғындар, мектеп түлектері мен шыңғырлаулық кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан бірқатар жұмысқа тоқталды. Яғни азаматтар 20 шақты іргелі істі жүзеге асырған. Соның бірнешеуіне ғана тоқталсақ, Шоқтыбай ауылында жеке кәсіпкер Асқар Искалиев 180 млн теңгеге садақа өткізуге арналған қатымхана салған. «Қалдығайты» ЖШС (7 млн тг), «Akkaiyn Operating» ЖШС (10 млн тг) аудан орталығындағы екі көшеге балалар ойын алаңдарын, ал «Akkaiyn Operating» ЖШС (15 млн тг) workout алаңын тарту еткен. Осы ауданның белді азаматтары – Тілекқабыл Имашев, Амангелді Дәулетжанов, Сағынтай Имашев екі көше мен теміржол вокзалы алаңына 100 түп шырша, Ақбұлақ ауылына 70 түп терек егуге қолдау көрсетті (2,8 млн тг). Ал «GSSG» ЖШС жетекшісі Санат Құмашев Сарқырама бұлағы аумағын қоршауға демеуші болған. Ақтау ауылында мектептің 2011 жылғы түлектері «Белгісіз солдат» ескерткіші мен ауылдық саябақ орналасқан алаңды жаңартқан...
Форумда аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев шыңғырлаулық кәсіпкерлердің назарына бірнеше бағытты қамтитын жобаларды ұсынды. Олар ауданның сәулеттік келбетін жаңғыртуға, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған. Онда ауылдық округ әкімдерінің, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, барлық елді мекенді мүмкіндігінше қамтуға басымдық берілген.
– Егер кәсіпкер азаматтар мен демеушілер қолұшын созса, бұл игі жобалар рет-ретімен жүзеге асады. Ортақ мұратымыз – кіндік қанымыз тамған жерді көркейтіп, ауылдарымызды гүлдендіру, халыққа жайлы жағдай жасау. Әрине, мемлекет өз тарапынан тиісті міндеттерді атқарады. Кезең-кезеңімен жол салынып, әлеуметтік нысандар бой көтереді. Дегенмен жерлестеріміздің де осындай игі істерден тыс қалмай, белсене атсалысқанын қалаймын. Президент келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Ендеше, шыңғырлаулықтар болып бұл бастаманы неге бірге қолға алмаймыз? – деп аудан әкімі азаматтарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.
«Ортақ іске жұмылайық»
Форумда аудан дамуы жолында еселі еңбек еткен, бүгінде зейнеткер Сағынғали Имашев пен Адақ Шотпанов, басқа да тұрғындар сөз сөйледі. Олар әкім бастамасының маңызына тоқталып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін атап өтті. Осы жерде айтылған ұсыныс, тілектер сөз жүзінде қалмай, жүзеге асатынына сенім білдірді.

– Ауданның 100 жылдығын атап өту бір кісінің ісімен бітетін жұмыс емес. Бұл – тарихқа бай аудан. Тоқсан жылдық мерейтойы да аудан азаматтарының ұйымшылдығымен өткен еді. Орал қаласында да осындай жобаны қолға алдық. Биыл маған кәсіпкерлердің өздері келіп, шаһарды көркейтуге үлестерін қосуға ұсыныстарын білдірді. Біз оларға тиісті қолдау көрсеттік.
Олар жайлы да қолайлы 14 сквер пайдалануға берді. Әрине, қалада мектеп те, емхана да, жолдар да салынып жатыр. Бірақ менің байқағаным, тұрғындар үйінің қасында 10-15 млн теңгеге атқарылған жұмысқа ерекше ықылас білдіруде. Бұл бағытта ешкімді 100-500 млн теңге жұмсауға мәжбүрлемейді. Елім, жерім деген азаматтар өзінің қалқадірінше игі іске атсалысады деп ойлаймын. Өзіміз де қолдан келгенше үлес қосуға дайынбыз, – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.
Шыңғырлау ауданының тумасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бекет Тұрсынов кәсіпкерлікті екі бағытта қатар дамытып отыр. Ол туған ауылы Қарағашта «Тұрсынов» шаруа қожалығында ірі қара мал өсірумен айналысады. Ал Орал қаласындағы «Batys Allian-ce» ЖШС құрылыс саласына маманданған.

– Аудан әкімінің ұсынысы өте орынды. Әрбір азамат туған жерін көркейтуге, өңірге инвестиция тартуға үлес қосуы тиіс. Бұл форумның оң нәтиже беретініне сенімдімін. Біз бұл бағытта нақты іске кірісіп те кеттік. Бүгіндері Қарағаш ауылында мешіт құрылысы жүріп жатыр. Болашақта шағын көпір салып, балалар ойын алаңдарын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Былтыр әлеуметтік жобалар аясында Орал қаласы әкімінің бастамасымен Сарайшық көшесіндегі №55 үйдің маңына аллея салып бердік. Бүгінде құрылыс компаниясында 30-ға жуық, ал шаруа қожалығында алты адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Бекет Абылайұлы.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»