24.11.2026, 19:00
Оқылды: 5

Оралда 200-ден астам жас сарбазға жеке қару табысталды

Оралдағы № 5517 әскери бөлімде жас сарбаздарға жеке қару табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі. 

IMG-20261124-WA0698

Фото: ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Салтанатты шара барысында әскери бөлімге жаңадан қабылданған 200-ден астам сарбазға өздеріне бекітілген штаттық қару табысталды.

Әскери бөлім командирі, подполковник Асылхан Ишниязов жас жауынгерлерді маңызды оқиғамен құттықтап, әскери қызметтегі қарудың орны мен оған артылатын жауапкершілікке ерекше тоқталды.

«Қару табыстау – әрбір әскери қызметші үшін маңызды әрі жауапты сәт. Бұл – Отан қорғаушы ретінде қалыптасу жолындағы үлкен қадам. Сеніп тапсырылған қаруды ұқыпты ұстап, әскери тәртіпті сақтап, ел алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарасыздар деп сенемін», – деді әскери бөлім командирі.

Саптық алаңда өткен салтанатты рәсім жас сарбаздардың әскери өміріндегі есте қаларлық сәттердің біріне айналды. Өйткені жеке қаруды қабылдау – жауынгердің әскери міндеттерді орындауға деген жауапкершілігін арттыратын маңызды кезең.

Солардың қатарында мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Бекболат Елзат та бар. Ол өзіне бекітілген қаруды қабылдау сәтіндегі толғанысын жеткізді.

«Мен үшін бүгінгі күннің орны ерекше. Бұл – командирлеріміздің бізге артқан сенімінің белгісі. Сол сенімді ақтап, әскери борышымды адал атқаруға, қаруды күтіп ұстауға және Отан алдындағы міндетімді абыроймен орындауға бар күшімді саламын», – деді жас сарбаз.

Айта кетейік, жеке қару табыстау рәсімі – әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі. Алдағы уақытта жас сарбаздар қаруды қолдану тәртібін меңгеріп, атыс даярлығы бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіреді.

Осылайша, №5517 әскери бөлімнің жас толықтырылымы әскери қызметтің жаңа кезеңіне қадам басты. Оларды алда Отан алдындағы жауапты міндеттер, әскери машықты шыңдау мен жауынгерлік даярлықтың жаңа белестері күтіп тұр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале