Сырым ауданы Қосарал ауылының өнерлі өрендері тағы бір биікті бағындырды. 22 қараша күні Орал қаласындағы Халық шығармашылығы орталығында өткен «Балаларға базарлық» республикалық балалар байқауында «Шаттық» би ансамблі Бас жүлдені еншіледі.

Байқауға 5–7 жас аралығындағы 11 бүлдіршін қатысып, өзбек халқының «Хорезм» биін нақышына келтіре орындады. Кішкентай бишілердің сахнадағы үйлесімді қимылы, ширақ қадамы мен өнерге деген құлшынысы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде жетікөлдік өнерпаздар байқаудың ең жоғары марапатын қанжығалап, шетелде өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Бұған қоса, «Madeniet Art Fest» және «Jaña bala» жобалары аясында 20 пайыздық жеңілдікке ие болды.
«Шаттық» би ансамблінің жетекшісі – Лунара Шамшиева. Ол Жаңақала ауданының тумасы. 2025 жылы Құрманғазы атындағы саз колледжін тәмамдаған жас маман сол жылы шілде айында Жетікөл ауылдық мәдениет үйіне хореограф ретінде жұмысқа шақырылды.
Қысқа уақыт ішінде шәкірттерімен бірге бірнеше республикалық байқауда жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұған дейін Түркістанда өткен «Алтын Ұрпақ» байқауында «Дала нұры» биімен, Оралдағы «Алтын Қазына» мен «Өнер әлемі» байқауларында «Бастаңғы» және «Көңілді Микки Маустар» билерімен І орын иеленді. Ал «Би қанатында» байқауында «Латино» биімен ІІІ орынға тұрақтады. Енді міне, күні кеше «Хорезм» биімен Бас жүлдені қанжығалады.
Бүгінде Жетікөл ауылдық мәдениет үйінде Лунараның жетекшілігімен «Шаттық» және «Ақ Кербез» атты екі би ансамблі жұмыс істейді. Екі ұжымда 30-ға жуық жас биші өнер үйреніп жүр.
Жас маманның алдағы мақсаты – балалардың бойындағы қабілетті шыңдап, ұлттық би өнерін дәріптеу, шәкірттерін үлкен сахналарға шығару.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы