Бүгін білім беру саласы үшін ерекше серпіліс пен зияткерлік бәсекеге толы тарихи күн. Орал қаласындағы оқушылар сарайының төрінде мектеп директорлары арасындағы облыстық «Батыс CUP» дебат турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім ошақтарының тізгінін ұстаған басшылардың жаңа қырын паш етті.

Бұл доданың басты ерекшелігі - күнделікті мектептің әкімшілік-шаруашылық жұмыстары мен оқу-тәрбие үдерісіне жауапты нағыз көшбасшылардың қатысуында. Турнирдің негізгі мақсаты да айқын. Мектеп басшыларының көшбасшылық қабілеті мен зияткерлік әлеуетін шыңдау, өзекті қоғамдық-саяси тақырыптарды талқылау арқылы олардың азаматтық ұстанымын нығайту және конструктивті диалог пен пікірталас мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар дебат алаңы директорлардың заманауи басқарушылық идеяларын ортаға салып, шығармашылық ойлау көкжиегін кеңейтуге, көпшілік алдында өз көзқарасын дәлелді жеткізе білу дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 12 мықты команда бақ сынаған бұл сайыста осал қарсылас болған жоқ. Қатысушылар білім беру саласындағы реформалардан бастап, жаһандық қоғамдық-саяси үрдістерді талқылап, өздерінің ойлау қабілеттерін, шешендік өнерлері мен кез келген тығырықтан жол таба білетін тапқырлықтарын көрсетті.
Осындай кіл жүйріктер жиналған аламанда Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Уәлихан Сағидуллин мен А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Марал Әнуарбекқызы құраған команда нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті.
Уәлихан Сағидуллин мен Марал Әнуарбекқызы — бүгінгі білім беру ісіне тың серпін әкеліп жүрген жаңа буын өкілдері. Олар өздерін тек кабинетте отыратын әкімшілік басшы ғана емес, кез келген ортада ойын еркін, креативті әрі логикалық тұрғыда мінсіз жеткізе алатын заманауи көшбасшы ретінде дәлелдеді.
Ойын барысында қос директордың өзара үйлесімділігі, тақырыпты терең меңгергендігі және қарсыластарының уәждеріне қайтарған ұтымды, салмақты жауаптары қазылар алқасы мен көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Креативті көзқарас пен терең білімнің тоғысуы нәтижесінде қос басшы 12 команданың ішінен оза шауып, облыстық «Батыс CUP» турнирінің абсолютті жеңімпазы І орын иегері атанды.
Заманауи мектеп директорының қандай болуы керектігін іс жүзінде көрсеткен Уәлихан Сағидуллин мен Марал Әнуарбекқызы енді республикалық кезеңге жолдама алып, Батыс Қазақстан облысының намысын ел деңгейінде қорғау мәртебесіне ие болды.
Шәкірттеріне үлгі болып, білім мен парасат бәйгесінде топ жарған жас әрі креативті директорларды жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы республикалық додада да Ақжайық өңірінің абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы