Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Қауіпсіз қоғам: таңдау мен жауапкершілік» атты аудандық жастар форумы өтті. Жиынға 17–35 жас аралығындағы аудан жастары мен Ақсай техникалық колледжінің студенттері қатысты.

Аталған іс-шара аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында «Ашық көмек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен Отбасын қолдау орталығының қолдауымен өткізілді.
Форумның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және қоғам алдындағы жеке жауапкершіліктің маңызын түсіндіру.
Шара барысында қатысушылар QR-код арқылы тіркеліп, қоғамдағы қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу, жеке таңдау мен азаматтық жауапкершілікке қатысты түрлі тапсырмаларды орындады. Атап айтқанда, психологиялық және заңгерлік жағдаяттар талқыланды. Сонымен қатар «Қауіпсіздік идеялары» бөлімінде жастар тақырыпқа сай хэштегтер ойлап тауып, олардың мақсаты мен мазмұнын ортаға салды.

Интерактивті форматта өткен форумда жастар белсенділік танытып, өз ойларын ашық білдіріп, пікір алмасты. Әрбір тапсырма қатысушыларды өмірлік жағдайларға сыни көзқараспен қарап, шешім қабылдауда жауапкершілікті сезінуге жетеледі.

- Жастардың өз хэштегтерін ойлап тауып, олардың мәнін түсіндіріп, пікірлерін еркін жеткізе алуы форум мақсатының орындалғанын көрсетеді деп ойлаймын. Қатысушылар қауіпсіздік тек ережелерді сақтау емес, күнделікті өмірде жасайтын саналы таңдауымыз екенін түсінді. Өз өміріне және айналасына жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз қоғамның негізі. Форумның ашық диалог пен пікір алмасу алаңына айналғаны қуантады, – дейді «Ашық көмек» қоғамдық қорының төрағасы Ботагөз Байқадамова.

Шын мәнінде, қауіпсіз қоғам қалыптастыру – тек белгілі бір мекеменің немесе маманның міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ал жастардың саналы таңдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы