Өткен аптада «Атамекен» өнер ордасында дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 25 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Ширек ғасырлық белеске арналған «Абайдың «Үміт» шырағы» атты салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, ардагер ұстаздар, білім саласының өкілдері, гимназия ұжымы, мектеп түлектері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мерейтойлық жиында білім ошағының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі дәріптеліп, ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктері атап өтілді. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин ұжымды айтулы датамен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар педагогтер мен қызметкерлерге құрмет көрсетіп, марапаттар табыстады. Мерейтойдың «Абайдың «Үміт» шырағы» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Өйткені бү-гінгі Абай гимназиясының тарихы сонау 25 жыл бұрын Теректі топырағында «Үміт» лингвистикалық гимназиясы болып шаңырақ көтерген кезеңнен басталады. Алғашында аз ғана ұжым мен 80 оқушыдан басталған білім ошағы уақыт өте келе қанатын кеңге жайып, облыс пен республика көлемінде өзіндік орны бар оқу орнына айналды.
«Үміт» лингвистикалық гимназиясы алғашқы жылдары-ақ білім сапасына, тәрбиеге және оқушының жеке қабілетін дамытуға басымдық берген оқу орны ретінде танылды. Гимназияның алғашқы директоры Дариға Мұштанованың бастамасымен ұлттық құндылықтар мен тәрбиені ұштастыруға басымдық берген оқу орны аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім додаларында жақсы нәтижелер көрсете бастады. Уақыт өте келе гимназияның білім беру бағытындағы әлеуеті мен жетістіктері ескеріліп, оған Абай Құнанбайұлының есімі берілді. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 18 наурыздағы №148 қаулысымен білім мекемесінің атауы БҚО әкімдігі білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ болып өзгертілді. Атауы өзгергенімен, білім ошағының алғашқы күннен ұстанған бағыты өзгерген жоқ. Бүгінде гимназияда 220 оқушы білім алып, 35 мұғалім, 8 тәрбиеші және 56 техникалық қызметкер еңбек етеді.
Ұстаздар құрамының кәсіби деңгейі де жоғары. Бүгінде ұжымда 3 педагог-шебер, 15 педагог-зерттеуші, 8 педагог-сарапшы, 6 педагог-модератор еңбек етеді. Білім беру саласындағы мемлекеттік марапаттар мен кәсіби байқауларда да гимназия ұстаздары талай мәрте үздіктер қатарынан көрініп жүр. Олардың қатарында тарих пәнінің мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Күләш Наурызғалиева, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Нұрбөбек Кереева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Ажкеева және басқалар бар. Абай гимназиясының ширек ғасырлық тарихында мақтан тұтарлық көрсеткіштер аз емес. 2002-2003 оқу жылынан 2025-2026 оқу жылына дейін гимназия 24 мәрте түлек ұшырып, барлығы 697 шәкіртке үлкен өмірге жолдама берген. Олардың 292-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 178 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтаған. Білім ошағының тағы бір маңызды жетістігі – түлектерінің жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранттарын иелену көрсеткішінің жоғары болуы. Гимназия мәліметіне сәйкес, түлектер жыл сайын грант иеленуде 100 пайыз нәтижеге қол жеткізіп келеді.
Бүгінде кешегі шәкірттер медицина, білім беру, экономика, инженерия, ақпараттық технологиялар, құқық, ғылым және басқа да салаларда еңбек етіп жүр. 697 түлектің 128-і медицина мен денсаулық сақтау саласын, 120-сы тіл білімі, филология және аударма ісін, 69-ы педагогика мен білім беруді таңдаған. Сондай-ақ экономика мен қаржы саласында – 68, инженерия, энергетика және құрылыста – 63, IT бағытында 58 түлек өз жолын тапқан.
Салтанатты жиында қонақтар назарына гимназияның 25 жылдық тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұсынылды. Көрмеге білім ошағының алғашқы қалыптасу кезеңдерінен бастап бүгінгі жетістіктеріне дейінгі жолды қамтыған материалдар топтастырылды. Мұнда әр жылдардағы маңызды оқиғалар, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері, республикалық және халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадаларда қол жеткізген нәтижелер көрініс тапты.
Мерекелік іс-шараның концерттік бағдарламасында гимназия оқушылары мен өнерпаздары ән мен жырдан, шығармашылық қойылымдардан құралған тартуларын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әрбір өнер көрсетілімінен жас ұрпақтың таланты мен ізденісі, ұлттық өнерге деген құрметі және Абай мұрасына деген ықыласы сезіліп тұрды. Сондай-ақ ардагер ұстаздар, мектеп түлектері мен арнайы шақырылған қонақтар сөз алып, білім ошағының өткеніне тоқталып, бүгінгі жетістіктеріне қуаныштарын білдірді.
Абай гимназиясы білім берумен қатар, шәкірттерінің рухани дамуына да ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір айғағы – түлектерге арналған «Тұмар-өлең» дәстүрі. Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында әр сыныпқа арнап жазылатын бұл өлеңдер – оқушыларға көрсетілген ұстаз сенімі мен ақ тілегі. Шынайы жыр жолдары шәкірттерге жігер беріп, бойларына сенім ұялатары сөзсіз. Мұндай дәстүр ұстаз бен оқушы арасындағы рухани байланыстың қаншалықты маңызды екенін аңғартады.
Бір кездері Теректі топырағында «Үміт» болып тұтанған білім шырағы бүгінде талай шәкірттің жүрегіне жол тауып, үлкен арманға қанат бітіріп келеді.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы