Бүгін облыс орталығы Орал қаласында Қаратөбе және Теректі аудандарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі оздырылды. Жәрмеңкеде аудандағы ауыл шаруашылық өнімдерін дайындайтын, азық-түлік тауарларын өндіретін кәсіпкерлермен қатар қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлердің де туындылары сөреден табылды.
Таң атысымен жәрмеңке өтіп жатқан М.Ықсанов көшесіне баруға асыққан қала тұрғындары мен қала қонақтарына Қаратөбе ауданынан жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері мен тұрмыстық тауарлар, қолөнер бұйымдары нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылды.
Қаратөбе ауданының «Райымбек», «Ақниет», «Мұрат» шаруа қожалықтары 2000 келі сиыр етінің әр келісін 1200 теңгеден, 500 келі жылқы етінің келісін 1300 теңгеден саттыққа шығарды.
Сонымен қатар жәрмеңкеге жеке кәсіпкер Сержан Ашығалиев «ДЕМ» минералды сусынын, жеке кәсіпкер Мұрат Ізтілеуов тәтті кондитерлік өнімдерін, жеке кәсіпкер Гүлайым Қыдырашева құрақ көрпе, қыз жасауы сынды ұлттық қөлөнер бұйымдарын халықтың сұранысына қарай саудаға қойды.
Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері Асхат Қосаманұлы мен Айбек Айболаттың қолөнер бұйымдары көпшіліктің жоғары бағасына ие болып, саудаланып жатты.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тамашалауға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов және бірқатар басқарма басшылары арзан бағамен ұсынылған өнімдерді аралап көрді.
Жәрмеңкеге жиналған жұртшылыққа өнерлерін паш еткен қос ауданның көркемөнерпаздары халықтың қошеметіне бөленді.
Жәрмеңке қой көтеру, гір тасын көтеру сынды спорттық шаралармен жалғасын тапты.
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе-Орал-Қаратөбе
zhaikpress.kz