9.10.2017, 18:36
Оқылды: 68

Жәнібек ауданының құрылғанына 95 жыл толды

7 қазан Жәнібек ауданының құрылғанына 95 жыл толу мерейтойын жәнібектіктер тағылым мен  мән-мазмұнға толы сән-салтанатымен атап өтті.    

Салтанатты шараның алғашқы рәсімі  мемлекет және қоғам қайраткері  Мұстахым Ықсановтың  ескерткішіне облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мен  аудан әкімі Азамат Сафималиевтің  гүл шоғын қоюымен басталды.

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар  мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың  ескерткішіне  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев пен облыстық «Жәнібектік  ардагерлер қауымдастығының» төрайымы  Сәбила  Жүнісова гүл шоқтарын қойып,   бір минут үнсіздік жарияланды.

Ғұмар Қараштың ескерткішіне аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов пен  аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы  Бекет  Әліпқалиев гүл шоқтарын қойды.

Аудандық мәдениет үйінде  облыстық мәдениет саласының «Рухани жаңғыруды»  жүзеге асыру  жолындағы  «Ұлы  дала құндылықтары» атты жоба аясында  БҚО тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ырысты Баянғалиқызы жәнібектіктерді  мерейтоймен  құттықтап, музей  қоры туралы баяндап берді. Музейдің ғылыми қызметкері Мөлдір Саттарқызы фойеде орналасқан 2012 жылы  БҚО тарих және археология  орталығының директоры Мұрат Сыдықовтың  басшылығымен орталықтың археологтарының  Теректі ауданының  Долинное елді мекені  маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Тақсай обасынан табылған «Алтын ханшайым»  туралы жан-жақты таныстырып кетті.

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы аясында   республикамыздың  жер-жерінде «Туған жер»  форумы жүзеге асырылып  жатқаны   белгілі. Жалпыұлттық  патриотизм  қағидаттарына  негізделген  осындай тағылымды шара  сол күні Жәнібек ауылында да өтті.

Жерлесіміз, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар форумға қатысушыларға арналған облыс әкімі Алтай Көлгіновтың  және облыстық мәслихат  пен Орал қалалық мәслихаты депутаттарының құттықтау хатын  оқып  берді.

Одан кейін сөз алған аудан әкімі Азамат Сафималиев «Ауданымызда  жақсылықтың  нышанына айналған жұмыстар  жетерлік, атқарылар істер одан да көп. Ауданның дамуы  әрбір тұрғынның  қызығушылығымен,  еңбекқорлығымен, елге деген сүйіспеншілігімен жүзеге  асырылатын іс екені белгілі, -дей отырып жүзеге асырылған игі істерге жан-жақты тоқталып кетті.

Облыстық «Жәнібектік  ардагерлер қауымдастығының» төрайымы  Сәбила Жүнісова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы  Бекет  Әліпқалиев, аудандық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы Амангелді Уәлиев,   «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Асхат  Молдағалиевтер сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.

Залдағы үлкен экраннан жерлестеріне ыстық сәлемін жолдаған «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі Миржан Әлібекұлының  лебізі мен 1995 жылы Ресейдің Волгоград  облысының Ленинск ауданына қоныс аударып, бүгінде балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет атқаратын Анатолий Меловацкийдің   еш мүкісіз қазақ тілінде туған ауылына  перзенттік сағынышын  жеткізген ықыласы  көңіл толқытты.

Ауданымызда саналы ғұмырын ұстаздық қызметке  арнап, зейнеткерлікке шыққан соң  Орал қаласына қоныс аударған Серік  Қарабалин «Өмір жолдары» атты өзі сөзін жазып, әнін шығарған төлтуындысын  шырқады.

Форумға қатысушыларды сондай-ақ  РФ Саратов облысының Новоузень, Питер және Волгоград  облысының Палласовка аудандары мен  Волжск  қаласынан келген меймандардың атынан «Волжск  қазақтары»  қоғамдық ұйымының  төрағасы  Ерсайын Назаров құттықтап, Волжск  қаласы мэрінің  құттықтау хатын аудан әкіміне табыстады.

Аудандық мәслихаттың 2017 жылғы  17 тамыздағы  №15-5 шешімі негізінде   жәнібектік білікті дәрігер,  «КСРО Денсаулық  сақтау ісінің үздігі», «ҚР Денсаулық  сақтау ісінің үздігі» Қозыкеш Омаров пен «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин»  медалінің иегері Асқар Ақышевқа «Жәнібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Жерлестерге Үндеу жарияланып,  форум  жұмысы  ауданның Гимні «Жәнібегім» әнімен өз мәресіне жетті.

Кешкілік орталық алаңда  аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қатар кеш қонағы, қазақ эстрадасында өзіндік орны мен көрермендерін қалыптастырған әнші-сазгер Дәурен Сейітжановтың  «Сүмбіл сезім», «Он сегізге толған қыз», «Ақ қайың», «Таңғы қала», «Жылдар-ай»  әнін көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.

Концерттік бағдарлама от шашумен  аяқталды.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале