31.03.2018, 12:00
Оқылды: 80

Оралда алғаш рет оқушылар арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясы өтті

IMG_9688Батысқазақстандық оқушылар арасындағы алғаш рет өткен БҰҰ моделі конференциясын Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды.


 

Конференцияға Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептің, облысымыздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешені, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп, №7 жалпы орта білім беретін мектеп, Білім-инновация лицейінің және зияткерлік білім ошағының оқушылары қатысты.

IMG_9728Конференцияның мақсаты – әлемдік мәселелерді зерттеу арқылы оқушылардың танымдық дағдысын дамытып, академиялық білімін тереңдету, ынтымақтастық, келіссөздер жүргізу қабілеттеріне, маңызды мәселелерді шешу жолдарын таба білуге баулу.

Конференция барысында оқушылар екі топқа бөлініп, 24 елдің өкілдері ретінде жұмыс жасады. Олар «Балаламалы энергия көздері» және «Жер бетінен жойылып бара жатқан жануарларды сақтау және қорғау» мәселелерін талқылады.

IMG_9723Қатысушылар аталған мәселелерді талқылап қана қоймай, БҰҰ моделінің форматына сәйкес өзара серіктестік құрып, мүдделес мемлекеттер ретінде бірігіп, мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Конференция ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл форматтағы шаралар оқушыларды қазіргі таңда жастарға қажетті дағдыларды дамытады. Оқушылар ролдік ойын ретінде өтетін бұл конференция барысында жаһандық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуды көздейді, жұмыстану барысында ізденеді, түрлі дереккөздермен жұмыс жасайды.

Бүгінгі конференция ағылшын тілінде өтуде. Бұл өз кезегінде біздің мектеп жасындағы оқушыларымыздың тілдік қабілеті, бәсекелік әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді.

Ақмоншақ Жұмаева

Орал НЗМ баспасөз хатшысы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале