Былтыр Бөкей Ордасы ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «АльфаСервисСтрой» ЖШС-і көшелерге жүргізген су құбырларының орны көктемде шұңқырға айналуы мүмкін екенін ақсақалдарымыз ескерткен-ді.
Өйткені, істің арты қысқа ұласып, аталмыш орындар талапқа сай көмілмей қалған болатын. Әрі соңғы айларда қар да қалың түсіп, оған жауын-шашын қосылды. Осылайша, қар мен жаңбыр суы қазылған жерлерді айлапат шұңқырға айналдырып, жұртшылықты біраз әбігерге салды, тіпті, кейбір үйлердің дәлізіне су кіріп те үлгерді. Аудан, ауыл әкімдігінің жұмыла іске кірісуі нәтижесінде бұл күндері қауіптің алды сейілді.
Сайқын ауылдық округі әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, осынау шараларға ақылы қоғамдық жұмыстағы 30 адам жұмылдырылып, «Елеусін» шаруа қожалығы (жетекшісі Нұртай Елеусінов), «Қазсушар» РМК-ның Бөкей ордасы өндірістік учаскесі, коммуналдық шаруашылық, аудандық аурухана мекемелерінен екі «Зил», төрт трактор, бес лас су шығаратын машина, бульдозерлер көмекке келген. Біз аудан әкімдігі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Асылбек Ерешевтің сөзінен күні бүгін көшелерден 80 текше метр лас су сорылып, ауыл іші жолдарына топырақ төсеу жұмыстары жалғасып жатқанын білдік.
Өз тілшіміз
Бөкей ордасы ауданы