18.07.2018, 10:43
Оқылды: 61

Қазталов әкімі құрылыс нысандарын аралады

Kaztalov obhod (1)Аудан бойынша биылғы жылдың өзінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша елді мекендерге ауыз су жүйелері іске қосылып жатса, аудан орталығы Қазталов ауылында саз мектебінің құрылысы, Жалпақтал ауылында 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары, Көктерек, Талдыапан, Талдықұдық бағыттары бойынша көгілдір отын тарту жұмыстары атқарылуда.


Ал қатқыл табанды жол төсеу жұмыстарына келсек, облыс орталығынан тартылып келе жатқан жолдың құрылысы биыл жалғасын тауып жатыр. Жалпақталдан асқан жол құрылысы да жанданып, Қазталов бағытында 35 шақырым қашықтық жасалып жатыр. Сонымен қатар Жаңажол ауылының кіреберіс, шығаберіс және ауылішілік жолдарына қатқыл табанды жол төселіп, жаяу жүргіншілер жолы да істелуде. Ал Қазталов және Жалпақтал ауылдарына ауылішілік жолдар салынады деп күтілуде.

Осыған орай аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал, Жаңажол ауылдарында болып, құрылыс нысандарын аралады.

Kaztalov obhodЖалпақтал ауылындағы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тартылып жатқан ауыз су жүйесінің басында болған аудан басшысы бас мердігермен кездесті. Қараөзен, Жалпақтал ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын «ПМК-17» ЖШС жүргізуде. Осы мекеменің учаске басшысы Бауыржан Рысқалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталып, қос ауылдың тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Бұдан кейін Абат Абайұлы салынып жатқан 12 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйдің басына барды. Іргетасы енді ғана қаланып жатқан бұл үйдің құрылыс жұмыстарын «Эврика» ЖШС жүргізуде. Бұл тұрғын үйдің жобалық құны 112 млн. 166 мың теңгені құраса, қаражат облыстық бюджеттен бөлінуде. Құрылыс нысанын көрген аудан әкімі мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар аудан әкімі Жаңажол ауылындағы жол құрылысына да соқты. Жаңажол ауылының кіреберісі мен Жалпақтал бағытындағы шығаберісіне және ауыл ішіндегі 3 көшеге жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын қатқыл табанды жол төселуде. Бұдан басқа 4 көшеге жаяу жүргінші жолдары жасалуда. Бұл жұмыстарды «Айдана» ЖШС атқаруда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі мердігер жұмысына оң бағасын берді.

Қайрат ЖАҚЫП

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале