3.08.2018, 14:52
Оқылды: 78

Жерді кез келгенге бермейді

sportБұл туралы «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қорларын басқару комитетінің жерге орналастыру және жер қатынастарын дамыту басқармасының бас сарапшысы Самал Есқалиеваның төрағалығымен өткен семинар-кеңесте айтылды.


Өңірдің кәсіпкерлері бас қосқан кеңесте биылғы жылдың 4 мамырынан бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңы талқыланды.

Кеңесте министрлік өкілі Самал Әлімханқызы заңға енгiзiлген төрт негiзгi нормаларды атап өттi.

Оның ең бiрiншiсi – ауыл шаруашылығы жерлерiн қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетiлдiру мақсатында жалға берудiң жаңа әрi бөлек тәртiбi қарастырылып отыр. Бұл жерде жер беру тәртiбiнiң ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшiн конкурсқа қойылатын жерлер тiзбесiн бекiту, оны мiндеттi түрде қоғамдық кеңестермен және үкiметтiк емес ұйымдармен  келiсу, жер комиссиясының құрамына 50 пайызы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлетiнi көрсетiлген.

Екiншiсi – ауыл шаруашылығы  жерлерiн үлкен көлемде «бiр қолға» берiлуiн болдырмау мақсатында, әр облыстың әкiмшiлiк аудандары шегiнде ауыл шаруашылығы жерлерiнiң шектiк мөлшерiн  белгiлеу көзделген.

Үшiншiден, мемлекеттiк шекараның шекаралық белдеуiнде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкiмге берiлмейдi, тек жергiлiктi халыққа жайылым, шабындық ретiнде ғана пайдалануға рұқсат етiледi. Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерiн шетелдiктерге, Қазақстан Республикасының шетелдiктермен некеде тұрған азаматтарға немесе құрамында шетелдiктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлерi тек қазақстандықтарға ғана жалға берiлетiн болады.

Төртiншiден, жергiлiктi тұрғындардың жеке аула малының жыл сайын өсуiне байланысты заң жобасымен жайылым жетiспеушiлiгiн шешу мақсатында елдi мекендер айналасында жайылым алаңдар айқындайтын норма көзделген. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынады.

-Ауыл шаруашылығы жерлері бұдан былай конкурстық негізде жалға беріледі. Ал ол жерлер әкімдіктің қоғамдық кеңес және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен келісе отырып, бекіткен тізіміне сәйкес беріледі. Жер беру әкімдік бекітіп, конкурсқа шығарған, қоғамдық ұйым және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген тізімге сай ұсынылады. Бұл тізім жалпы ұйымдардың төртеуінің кем дегенде үшеуі оң шешім берген жағдайда келісілді деп саналады. Конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамына салалық қоғамдық бірлестік, кеңестердің, кәсіпкерлер палатасы өкілдерін қатыстыру қарастырылған, - деді Самал Есқалиева.

Осындай өзгерiстердi түсiндiрiп өткен министрлік өкілі семинар-кеңеске қатысқан өңір кәсіпкерлері тараптарынан қойылған сауалдарға тұшымды  жауаптар  қайтарды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале