Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстық мәслихат депутаттарының алдында 2018 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар бойынша берген есебінде атап айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Жүрек-қан тамырлары аурулары адам өліміне алып келетін кеселдердің тізімінде алғашқылардың бірі болып тұрғаны ақиқат. Жуырда облыстық кардиологиялық орталықққа барғанымда, ғимараттың күн санап көбейіп жатқан науқастарға тарлық ететініне көзім жетті. Сондықтан біз кардиологиялық орталыққа барлық халықаралық талаптарға сай, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылдадық. Бұл біздің дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетпек, ал оларға жүктелер міндет көп, - деді Алтай Көлгінов.
Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді табысты жүзеге асыру жолындағы негізгі экономикалық көрсеткіштердің қарқынды ілгерілеуін тілге тиек еткен өңір басшысының баяндамасында айтылғандай, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 1,8 трлн. теңгені, ІСӨ – 1,2 трлн. теңгені құраған. Негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемі 4,5%-ға өсіп, 273 млрд. теңгеден астам қаржыны құраған. Сыртқы инвестиция көлемінің негізгі капиталдағы үлес салмағы 60%-ға артып, 165 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда келеді.
Ора және шағын бизнес субъектілерінің саны 6%-ға артып, 40 мың бірлікті құрады, бұл саланың облыстың ІСӨ-гі үлесі 40%-ды құрайды, аталған көрсеткіш бойынша БҚО республикада 3-ші орында.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымдарды, жол және баспана құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен әңгімеледі. Әлеуметтік саланың өзекті мәселелеріне, цифрландыру және "Рухани жаңғыру" бағдарламаларын жүзеге асыруға бас көңіл бөлінгендігі де айтылды.
Өңірде күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселелердің бірі автокөлік жолдарының жай-күйі болатын. Облыс аумағындағы жолдармен жылына 1 млн. 200 мыңдай машина өтеді екен. Биыл облыс бойынша 450 шақырым жолды жөндеуге 32 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде облыс орталығында 50 көшенің жолы жөндеуден өтуде. Ағымдағы жылы Депо аумағындағы жол өткелінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Омега аумағындағы ескі көпірдің орнына жаңа жол өткелін салу қолға алынуда.
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Орал-Тасқала-Озинки РФ жолы жөнделуде, сонымен қатар облыс орталығының сыртымен өтетін айналма жол салу мақсатында Атырау және Сарытау күрежолдарын қосу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Халықтың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету мақсатында бүгінде облыста 27 көп пәтерлі үй және ауылдық жерлерде 88 тұрғын үй салынуда. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сүрілген апатты үйлердің орнына 5 көп пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд. теңге жеке инвестиция қарастырылған.
Сөзін қорытындылай келе, облыс әкімі Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру барысында қолдау білдіріп, өзара әріптестік танытқан мәслихат депутаттарына ризашылығын білдірді.
Депутаттар да өңір басшының жұмысын жақсыға бағалап, өзара бірлесе жұмыс істей беретіндіктеріне сендірді.
Фото: Т.Тоқмамбетов
zhaikpress.kz