20.12.2018, 19:56
Оқылды: 21

БҚО-да «Ақжайық – адалдық алаңы» атты жоба іске қосылмақ

Жақында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысы өтті.

IMG-20181220-WA0056

Оған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов,  облыстық басқармалардың басшылары мен қала және аудан әкімдері қатысты. Аймақтық кеңес отырысында соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің ашылуына қатысты біраз дерек айтылды.

– Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы және Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес соңғы екі жылда өңір бойынша сыйбайлас жемқорлық  көрсеткіші төмендеді. Қадағалау құрылымдарының қолдауымен облыстағы мемлекеттік мекемелерде сыйбайлас жемқорлықтың алдын алу және мүлде болдырмау бағытында іс-шаралар жүргізілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ақжайық – адалдық алаңы» атты жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлықты қабылдамауға қатысты қоғамдық көзқарасты нығайту, – деді комиссия отырысына төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Жиында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның маңызы жөнінде айта келіп, биылғы қаңтар айында іске қосылған «Астана – адалдық алаңы» жобасы сәтті жүзеге асқанын мәлімдеді. Жоба ауқымында әлеуметтік салаларда және сот жүйесінде болатын әкімшілік кедергілерді болдырмау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруға баса көңіл бөлінгенін тілге тиек етті. БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының басшысы Рустам Ақмырзаев 2017-2018 жылдары өңірдегі қылмыстық ахуал жөнінде баяндады. Осы жылдары облыста 186 қылмыстық іс жасалған. Биыл, яғни, 19 желтоқсанға дейін 95 қылмыстық іс тіркелді. 186 қылмыстық істің 98-і, яғни, 52,7 пайызы – пара алуға қатысты. Мүлікті ұрлау мен алаяқтыққа байланысты 31 дерек анықталды. Осы көрсеткішке қарайлас, қылмыстық істердің қалған 16 пайызы лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғандардың үлесінде. Соңғы екі жылда облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жұмысы нәтижесінде өндірістегі 171 қылмыстық іс аяқталып, 14-і сотқа жолданған. 68 қылмыскер сотталып, оның үшеуі шартты түрде жазаға тартылса, 15-і бас бостандығынан айырылып, 37-сі айыппұл төледі. Тергеу аяқталған қылмыстық істерден болған шығын – 900,5 млн. теңге. Оның ішінде 610,9 миллион теңгесі өндірілді. Сот үкімі бойынша тағайындалған айыппұл көлемі – 157 миллион теңге.

– Екі жылда 75 мемлекеттік қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалар 158 сыбайлас жемқорлық қылмыстық ісін жасады. Жергілікті атқарушы құрылымдардың 31 маманы 91, ішкі істер органдарының 31 қызметкері 46 қылмыстық құқықбұзушылық жасады. Сондай-ақ,  Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен, облыстық әділет департаментінен, көліктік бақылау инспекциясынан, БҚО бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментінен бір, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен төрт, ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалынан екі қызметкер және квазимемлекеттік үш кәсіпорынның басшылары «сұғанақтыққа» барған. Қылмыстық іс жасағандардың ішінде басшылық қызмет атқарған немесе орынбасар болған 20 лауазымды тұлға бар. Оның ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т.Шаяхметов, облыстық ауыл шаруашылық басқармсының басшысы М.Оңғарбеков, облыстық дін істері басқармасының басшысы С.Ғиззатов, «Қазгдиромет» РМК филиалының директоры Д.Оралымбеков бар. Қазан айында облыстық әділет департаментінің басшысының орынбасары Х.Құсдәулетов ұсталды. Ол 2017 жылдың мамыр айынан бастап, биыл қыркүйек айына дейін қарауындағы қызметкерлерінің сыйақысынан 305 млн. теңге көлемінде қаражат жинады деп күдікке ілінді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда, – деді Рустам Ақмырзаев. Бюро өкілі биыл мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықпен күрес оң нәтиже беріп отырғанын айтты. Ал жең ұшынан жалғасудан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс саласы «көш бастап» тұр. Бұл бағытта 2017-18 жылдары 49 қылмыстық іс ашылып, 11 тұлға жауапқа тартылды. Мәселен, Бөрлі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шарипов пен оның орынбасары Исамалиев «Еңбекпен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде абаттандыру жұмысын жүргізуге қатысты жалған актілер жасап, 28 млн. теңгені рәсуа қылды. Ақсай қаласының әкімі Джармухамбетов өзінің сату құны жоғары тауарлар мен қызметтерге қатысты мемлекеттік сатып алу бойынша келісім шарттарына қол қойып, мемлекетке 52 млн. теңге залал келтірген. Теректі ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бахитов жол жөндеумен айналысқан мердігерлік ұйымнан жұмыс актілерін тез рәсімдеуге «жол ашқаны» үшін пара алып, онымен қоса 8 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын үптеген. Жылма-жыл орта білім беретін  және мектепке дейінгі мекеме директорлары мен есепшілерінің еңбекақыны заңсыз төлеу жолымен бюджеттік қаржыны ұрлаумен айналысатыны анықталуда. Биыл аталған жайт бойынша үш қылмыстық іс ашылып, үш адам жауапкершілікке тартылды. «2015-2017 жылдары Қазақстандағы білім және ғылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген бюджет қаржысынан 11,8 млн.  теңге ұрлаған Жәнібек ауылы «Алтын ұя» бөбекжайының бас есепшісі Файзуллина 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Файзулинаның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу бес жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2015-2016 жж. медициналық жабдықтарды жоғары бағамен сатып алғаны анықталды. Соның салдарынан мемлекетке 167 млн. теңгеден астам залал келтірілді. 2015 жылы облыстық онкологиялық диспансер бұрын пайдаланылған және тиісті түрде жұмыс істемесе де, құны 200 млн. теңгеге бағаланған медициналық жабдықты сатып алынғаны биыл әшкереленді. Бұл медициналық жабдықты ұсынған «Квант-Семей» ЖШС-ның директоры Бейсембаевқа қатысты сотта қылмыстық іс қозғалды. 2018 жылы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Мукашев еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру жөніндегі емтихан комиссиясының хаттамаларына заңсыз қол қойып, білім алушы азаматтардан пара алып отырғаны анықталды. Ол сот үкімімен айыппұл төлеу жазасына кесілді. БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының басшысы Рустам Ақмырзаев соңғы екі жылда Бөрлі, Теректі және Зеленов аудандарында сыбайлас жемқорлықпен күрес төмен деңгейде қалып отырғанын айтты. Аталған мерзім аралығында Бөрліде 30, Теректі 21 құқықбұзушылық орын алған. – Тәртіптік жауапкершілігі қаралған әрбір екінші мемлекеттік қызметші қатаң жазаға тартылды. Атап айтқанда, тоғыз лауазымды тұлға жұмыстан босатылды, 12-сі атқаратын қызметінен босатылды, 23-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, – деді Рустам Сапарбекұлы. Аймақтық кеңесінің отырысы сыбайлас жемқорлықты алдын алу бағытында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали және Орал қаласы мен Бөкейордасы, Бөрлі аудандарының әкімдері баяндама жасады. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сыбайлас жемқорлық қарсы күресті күшейтіліп отыратынын айтып, жиынды қортындылады. Сол күні ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов және аталған агеттіктің облыстағы департаментінің  басшысы Болат Исақов және облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен танысты. Жобалық кеңсе облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында іске қосылатын жоба тұрмыстық жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүзеге асады. Кеңседе бес маман қызмет етпек.

 

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале