Ақжайық ауданында халық пен атқарушы билік арасын одан әрі жақындата түсу мақсатында «Ашық әкімдік» жобасы аясында қызмет көрсету орталығы іске кірісті.
Аудан әкімдігінің ғимаратынан ашылған орталықта тұрғындарға аудан әкімі аппараты, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, экономика және қаржы бөлімі, жер қатынастары бөлімі мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімдері барлығы 24 мемлекеттік қызмет пен қосымша қызметтерді ұсынуда.
Орталық жұмысы арнайы электронды кезек арқылы еш кедергісіз, ашық түрде ұйымдастырылған. Мұнда келген азаматтардың бір мезетте екі немесе үш қызмет алуға мүмкіндігі бар. Осылайша ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ете отырып, тұтынушылардың уақытын үнемдеуге жағдай жасалды. Қазіргі таңда 100-ден астам адам қызмет көрсетіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді.
Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2019 жылдан осы орталықта «Жер таңдау актісін» электронды түрде келісу қызметі мен өзіне өзі қызмет көрсету бұрышын ашу жоспарланды.
Әлия Серік,
Ақжайық ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер