27.12.2018, 16:17
Оқылды: 58

Алтай Көлгінов: «Ақжайық» - жай шағынаудан емес, жаңа қала десек те болады»

AQJAIYQ телеарнасында тікелей эфирде өткен «Әкім сағатында» Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыс орталығындағы құрылыс жайлы баяндады.

Айта кетсек, БҚО өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өңірлер арасында І орында болды (142,4%). Биыл 406,6 мың шаршы метрге үй салынды. Соңғы үш жылда 929,5 мың шаршы метрге үй пайдалануға берілген.

Алтай Сейдірұлы-Біз көрсеткіш үшін жарысып жатқан жоқпыз. Баспана мәселесі Елбасының «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы арқылы оң шешім табуда. Иә, былтыр басқа өңірлермен салыстырғанда көрсеткіш жоғары болды. Қазір одан да көп үй салу тапсырмасы бар. Облысымызда биыл құрылыс көлемі былтырғыдан 20 пайызға артты. Әрине, Астана мен Алматы сияқты үлкен қалалардың көрсеткіші бөлек. Әр аймақтың ерекшелігі әртүрлі. Құрылыс сұранысқа сай жүргізіледі.

Алдағы жылы облыста құрылыс ауқымы жылдағыдан да кеңейеді. Оралдың солтүстік-шығыс шағынауданы, орталықта құрылыс жүреді. Зашағанда бос жер қалмады, ондағы облыстық аурухана маңында бірнеше көпқабатты үйлер бой көтеруде.

Ал «Ақжайық» шағынауданы жай шағынаудан емес, тың жерден салынатын жаңа қала десек те болады. Салыстыру үшін мысалы 5-інші, 7-інші шағынаудандарда он шақты көпқабатты үй болса, мұнда - жүз елу. Биыл инфрақұрылым жетті, жазда құрылыс басталады. Алдағы жылы облыста 26 көпқабатты үй, аудандарда 104 үй құрылысы жүргізіледі. Яғни 3500 отбасы баспаналы болмақ.

Жиырма мыңның үстінде адам үй кезегінде тұр. Олардың ішінде 90-ыншы жылдардың аяғында, 2000-інші жылдардың басынан кезегін күтіп жүргендер бар. Тұңғыш Президент күні 9 қабатты, Тәуелсіздік күні 9 қабатты үйді пайдалануға бердік. Тұрғындармен сөйлескенімде араларында 18 жыл күткендер бар екен. 90-ыншы жылдары ел экономикасы халыққа үй беретіндей жағдайда болмады. Халық сонда да үміттін үзбей, кезекке тіркелді. «Сабыр түбі – сары алтын» деген, үйге қол жеткізді. Оған қазір мемлекетіміздің жағдайы бар, Елбасы бұл бағдарламаларды қадағалап отыр. «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізу біраз жеңілдеді, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

2030 жылға қарай Орал қаласының халқы 500 мыңға жетеді деп болжануда.

Нұрлыбек Рахманов,

Сурет: А.Куприенко

© zhaikpress.kz

Oral (24)

Oral (13)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале