Жаңақалада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық жазушылар және ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғалидың «Өткен күнде белгі бар...» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне арналған әдеби кеш өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин, бөлім басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Закария Жүсіпқалиұлы бүгінде қаламын қолынан түсірмей, үндемей жүріп үйдей іс тындырып, осы кезге дейін 8 жинақ шығарып, елімізге танымал қаламгерлердің санатына қосылған ақын.
Кезекті «Өткен күнде белгі бар...» атты жинағында ауданға еңбегі сіңген тұлғаларды насихаттап, өзімен тай-құлындай тебісіп өскен достарын ардақ тұтып, қимастықпен еске алып, олар жөнінде тың мағлұматтар беріп, жас ұрпаққа өлмес естелік қалдырды.
Кеш барысында авторды кезекті туындысымен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сәкенұлы, еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов, үзеңгілес досы, ақын-журналист Өмірзақ Ақбасов құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, алда талай шығармашылық табыстар тіледі. Мұнан кейін ардагер ұстаз Назымсұлу Өтешқызы мен еңбек ардагері Жансұлу Қожанова жаңа кітаптың тұсауын кесіп, ізгі тілектерін жолдады. Закария ақынның балалық шағын әңгімелеген ұстазы Н.Өтешқызы оның жас кезінен өлеңге, білімге талпынысы зор екенін, сол кезден-ақ өзінің үлкен азамат болатынын дәлелдеген озат оқушы болғанын тілге тиек етті.
Кеш соңында Закария Сисенғали сөз алып, қаумалап келген халқына ақжарма алғысын жаудырды.
Алтынбек Серікқалиұлы,
Жаңақала ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер