Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы-күйші Саян Ақмолданың «Тоғыз тарау» атты тағылымды концерті өтті.

Филармонияның камералық залында өткен сырлы кеште қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің қос арнасы – қобыз бен домбыраның қоңыр үні тоғысып, көрерменді ғасырлар қойнауынан жеткен күй мұрасының тереңіне жетеледі.
Кеш шымылдығын «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Камалиден Айтбаев ашып, концерт тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы ғалым, эпик-жыршы Берік Жүсіповке табыстады.

Кеш барысында қобыз өнерінің аңызға айналған бастаулары мен күйлердің шығу тарихы көркем әңгімемен өріліп, әр шығарманың рухани мәні мен тағылымы көрерменге кеңінен таныстырылды.
Саян Ақмолданың орындауындағы ел құлағында жүрген күйлер, Қорқыттың, Сматай Үмбетбаевтың, Боранқұл Көшмағамбетовтің, Жаппас Қаламбаевтың күйлері қобыздың және домбыраның тылсымға толы қоңыр сарынынан сыр шертті.

Саян Ақмолданың орындаушылық шеберлігі мен терең толғанысы, әр күйдің табиғатын танытқан шынайы интерпретациясы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қобыз бен домбыраның үні арқылы халқымыздың тарихы, мұңы мен қуанышы, арман-аңсары бір арнаға тоғысты.

Кешке 29-30 қыркүйек күндері Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әртістері, дәстүрлі әншілер «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің қатысуымен өтетін дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған жобаға арнайы шақырылған қонақтар да куә болды.

Кеш соңында мекеме басшысы Бауыржан Халиолла кеш иесі Саян Ақмолдаға ұжым атынан шапан жауып, Алғыс хат табыс етті.

Күй күмбірі көңілге терең ой салып, ұлттық өнерге деген құрметті еселей түсті.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі