БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Биыл 8 жоба аясында жалпы ұзындығы 16 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланды. Бүгінде оның жартысынан астамында жұмыстар аяқталды.

Аймақ басшысы алдымен Школьная көшесіндегі жұмыстарға қанықты. Мұнда 1 шақырымға жуық жол жамылғысын жаңарту кезінде оның сапасын арттырып, пайдалану мерзімін ұзартуға бағытталған заманауи технология қолданылды. Осы жерде облыс әкімі тұрғындармен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстар халық игілігі үшін екенін атап өтті. Оралдықтарды ортақ жауапкершілікті сезініп, өз үйінің ауласын ұқыпты ұстауға шақырды.

- Өздеріңіз сияқты зейнеткерлер белсенді, еңбектің қадірін біледі. Қаланы көркейтуге бәріміз атсалысуымыз керек. Жазда ауланы арамшөптен, ал қыста қардан тазалап тұру қажет. Өкінішке қарай, осыған мән бермейтін отбасылар бар. Жеке сектордың ауласындағы қарды шығару жұмысына мемлекет араласпауы тиіс. Тұрғын үй иелері осыған көңіл бөліп, жауапкершілік танытса, әрі тазалыққа үлес, әрі су басу қаупі туындамас еді, - деді Нариман Төреғалиев.

Сыбаға көшесінде ұзындығы 895 метр болатын жол жаңартылды. Бұл жобаны да «Ануш құрылыс» компаниясы жүзеге асырды. Ал, Каримуллин көшесінде ұзындығы 1,5 шақырымға жуық жол учаскесін орташа жөндеу жұмысы аяқтала келді. Облыс әкімі қала басшылығына кәсіпкерлік нысандарына іргелес аумақтарын тазалау бойынша тиісті талаптар қоюды тапсырды. Тәртіп сақшылары аймақта бейнебақылау жүйесі мен жылдамдық өлшегіш құрылғылардың орнатылғаны туралы мәлімет берді.

Жалпы, қала аумағында 50-ден астам көше жолын жаңарту жоспарланған. Бүгінде 30-дан астамында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
