29.09.2026, 16:00
Оқылды: 16

Ертеңіңді ойласаң, есірткіден аулақ бол!

 

Орал қаласындағы «Жастар» стадионында «Чемпиондық рух» жобасы аясында «Спортпен шыңдал, есірткіден аулақ бол!» атты ауқымды іс-шара өтті.

DSC_8285 

Мазмұнды іс-шараны «Әділет» партиясы жастар қанаты БҚО филиалы ұйымдастырды. Жиынға «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бертұрған, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Бағдат Түгелов, Мақсат жоғары медициналық колледждің директоры Мақсот Берген және аталмыш оқу орнының студенттері атсалысты. Жобаға арнайы қонақ болып VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының самбодан қола жүлдегері Еркебұлан Нығмет, шорт-трек шемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем кубогының жүлдегері, ҚР Халықаралық дәрежедегі жас спортшы Раяна Манарбекова  қатысты.

«Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Оңталапұлының сөзінше, іс-шара жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, есірткі қылмысының алдын алу бағытында оздырылды. Сонымен қатар әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген өңір спортшылары мен жастардың кездесіп, тәжірибе алмасып, ой бөлісуіне мүмкіндік жасау.

Ең алдымен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен кинолог мамандар арнайы үйретілген иттердің есірткі заттарын табу барысын көрсетті. Басқарма мамандары оңай олжа табамын деп есірткі заттарын тасымалдау, тұтыну, сыбайлас болмау керектігін баса айтты. Өйткені қылмыстың өтеуі жаза екенін және ол қашанда әшкере болатынын  жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған Мақсот Қабышұлы нашақорлық, лудомания секілді жастар арасында белең алған әуестіктің адамның денсаулығына, болашағына теріс әсері туралы баяндады. Адамды жарға жығатын дүниеден аулақ болуға, Президенттің «Кітап оқитын ұлт» жобасын алға тарта, кітап оқуға, зерделі, зерек болып, ізгі қоғам құруға шақырды. Сонымен бірге «Әділет» партиясы жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғалиев келешекте аталмыш жоба аясында жастардың әлеуетін көтеріп, жігерін шыңдауға арналған түрлі бағдарлама жоспарланғанын тілге тиек етті.

Тағылымды іс-шарада жастар арнайы шақырылған спорттың хас шеберлерімен бірге дене шынықтыру жаттығуларын жасады. Көк байрағымызды желбіретіп жүрген жас спортшылар жігерлі болуға, кәсіби спорт түрімен шұғылданбаса да, күнделікті жаттығу жасап, денені шынықтырудың, шымыр, қайратты болудың маңыздылығын айтып өтті. Спортшылар өздерінің дара жолы туралы қысқаша баяндап берді.

DSC_8308

Раяна Райбекқызы шорт-трекпен жеті жасынан бастап айналысып келеді. Спорттың бұл түріне ағасы жетектеп алып  келген.

– Әлем кубогын жеңу үшін үлкен белестерден өттім. Ең бастысы, айналысып жүрген ісім өзіме ұнайды. Ел аралап, ой-өрісің кеңейеді. Шорт-трек – жылдамдықты талап ететін өте әсем спорт түрі. Болашақта әлем спортшылары бақ сынайтын олимпиадаға қатысып, Қазақстанның көк Туын желбіреткім келеді. Бүгінгідей іс-шара шаһарда көбірек өтсе деп ойлаймын. Өйткені бізге қарап қатарластарымыз бой түзейді, жігерленеді. Әр адам кәсіби спортшы болмаса да, дене шынықтыруға бейім болуы керек, – деді өлкеміздің жас спортшысы.

Іс-шарада жастар «Біз нашақорлыққа қарсымыз» деп ұрансөздерді айтып қана қоймай, эстафеталық ойындар ойнап, ән  шырқады.

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале