29.09.2026, 15:30
Оқылды: 11

Шыңғырлаулық шеберлер ұлттық өнерді дәріптеп жүр

Шыңғырлау ауданынан шыққан қолөнер шеберлері республикалық деңгейдегі мәдени іс-шараларға қатысып, ұлттық өнерімізді кеңінен танытуға өз үлестерін қосып келеді.

image-29-09-26-11-57 (1)

Жуырда Ақтау қаласында өткен “Ұршық айналса-ұлттық қолөнер жаңғырады” фестиваліне облысымыздан бірқатар қолөнер шеберлері қатысып, дәстүрлі өнердің сан қырын көпшілік назарына ұсынды. Аталған шараға Шыңғырлау ауданынан «Назым» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қаламқас Қуандыкова да қатысып, өңіріміздің қолөнер дәстүрін таныстырды.

Фестивальдің басты мақсаты да – ұршық иіру өнерін дәріптеу, дәстүрлі қолөнерді жаңғырту, шеберлер арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және ұлттық мұраны келер ұрпаққа насихаттау.

Осындай ауқымды мәдени алаңға қатысу Қаламқас Қуандыкова үшін өз тәжірибесін ортаға салып қана қоймай, өзге өңірлердің шеберлерімен байланыс орнатып, қолөнер саласындағы жаңа бағыттармен танысуға да жол ашты. Шыңғырлаулық шебердің бұл шараға қатысуы ауданымыздағы ұлттық өнерге деген қызығушылықтың артып, дәстүрлі кәсіптің жалғасын тауып келе жатқанын көрсетеді.

Ал Астана қаласында ұйымдастырылған Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» көрме-креативті фестиваліне Шыңғырлау ауданының қолөнер шебері, жеке кәсіпкер Әсел Сұлтанғалиева қатысты. Аталған фестиваль өңірдің мәдени әлеуетін, шығармашылық мүмкіндіктерін және қолөнер саласындағы жетістіктерін елорда жұртшылығына таныстыруға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.

Creative Aimaq жобасы аясындағы жәрмеңкеге 3 мыңға жуық адам келіп, сатылым көлемі 5 млн теңгеге жеткен. Көрмеге 40-тан астам шебер қатысып, қолөнер, зергерлік өнер,ұлттық киім,ағаш және тері өңдеу  бағыттарындағы енімдерін таныстырды.

image-29-09-26-11-57

Әсел Сұлтанғалиеваның фестивальге қатысуы да Шыңғырлау ауданы шеберлерінің шығармашылық ізденісін кеңейтіп, жергілікті қолөнерді жаңа ортада танытуға бағытталған маңызды қадам болды. Ал осы фестивальде ең жас суретші деп Алдияр Саин танылды.

Қаламқас Қуандыкова мен Әсел Сұлтанғалиевалардың республикалық мәдени шараларға қатысуы Шыңғырлау ауданындағы қолөнер саласының тыныс-тіршілігін танытатын жарқын мысал. Бірі дәстүрлі ұршық иіру өнерін ұлықтауға арналған фестивальде өңір намысын танытса, екіншісі елорда төрінде өткен көрме-креативті шарада жергілікті шеберлердің шығармашылық әлеуетін паш етті.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале