18.01.2019, 15:37
Оқылды: 24

Советская неге сіресіп тұр?

Тәуелсіздіктің арқасында еліміздегі, өңіріміздегі елді мекендер мен жер-су атаулары қазақыланып жатыр. Ана тіліміздің мәртебесі биіктеп, қазақы таным-түйсігіміз бен түп-тамырымыздың жаңғырып, жаңарып келе жатқаны қуантады.  Мен Теректі ауданының Подстепный ауылының тұрғынымын. Көптен көкейімде жүрген бір мәселе бар.

koshe

Облыс орталығына жақын орналасқан Подстепный ауылында 10 мыңнан астам халық тұрады. Ауылымызда ұзына бойы қатар орналасқан Ленин, Целинная, Советская көшелерінің атауы келмеске кеткен ескінің сарқыншағындай болып әлі өзгермей тұр. Ленин және Целинная көшелерінде, негізінен, жеке тұрғын үйлер мен шағын сауда нысандары орналасқан. Ал Советская көшесіндегі дарынды балаларға арналған «Үміт» лингвистикалық гимназиясына, қазақ мектебіне ауылдың үлкен-кішісі күнделікті қатынайды. Оған қоса осы Советская көшесі арқылы республикалық маңызы  бар  Самара – Шымкент  тасжолы  өтеді.

Жақында Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласына жолым түскенде байқағаным, аудандық әкімдік ғимараты орналасқан көшенің атауы да Советская екен. Подстепный ауылындағыдай Ақсайда да сонау кеңестік дәуірден бері өзгертілмеген күйі тұр екен. Әлі күнге кеңестік құрылымды әспеттеген ескі атаудың қазір бізге  не  қажеті  бар  деген  сауал  көкейді  теседі.

Елу жылда – ел жаңа. Осы біздің ауылдағы Советская көшесінің мәні де, сәні де кеткен ескі атауын егемен елдің еркін өскен ұл-қызының еңсесін тіктеп, рухын асқақтатар жаңа атаумен өзгертсе, құба-құп.

Жолдығали    Өтеев

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале