Ақжайық ауданындағы Қаршы орман шаруашылығының қызметкерлері балықтарды, аңдарды қыс маусымындағы тиісті қамқорлыққа алды. Мысалы, Жайық өзенінде, қарасуларда балыққа ауа жеткізу үшін 19 ойық жасады. Сондай-ақ судағы оттегіні молайту мақсатында су сорғылар арқылы ауаны байыту жүргізіліп тұрады.
Қызметкерлер аңдар үшін жиі арнайы дайындалған астауларға 3 центнер шөп, 10 келі қара тұз, екі қапшық жем салып тұрады.
Сонымен қатар орманшылықта алдағы жаз айларында орын алуы мүмкін өртке қарсы қам-қарекеттер жасалуда. Орманшылық орналасқан Ақжол ауылының әкімдігі және Қаршы орманшылығымен жасалған екі жақты келісімшартқа орай өртке қарсы іс-шара жоспары пысықталуда. – Орманшылыққа қарасты орман алабында 7 шаруа қожалығы, 1 аңшылық қосын орналасқан. Бұл орындардың маңына өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде тақтайлар орнатылды,-дейді Қаршы орманшылығының орман шебері Мирас Еркенов.
Рахмет Қали,
Ақжайық ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер