Бүгін 8 ақпан күні таңғы сағат 6:30-да Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне Орал қаласының Мұхит көшесі, 124/2 үйдің шатыры құлағаны жайлы хабар түскен.
Төбесі опырылған сәтте үйде 12 адам болған. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге шұғыл эвакуация жасады. Зардап шеккендер жоқ.
Бұл 12 бөлмелі үй 1978 жылы барак типінде салынған. Жедел жеткен ақпарат бойынша, шатыр шектен тыс жауған қар салмағын көтере алмай опырылған.
Тиісті шараларды қабылдау үшін оқиға орнына Орал қаласының әкімі жетті.
-Толассыз қардың салдарынан тұрғын үйдің төбесі құлаған. Төтенше жағдайлар қызметіне хабар түскелі мамандар осы жерде жұмыстануда. Тұрғындардың барлығы аман-сау. Бұл кісілерді уақытша пәтерлерге орналастырылады. Барлық коммуналдық қызмет мамандары тиісті шараларды атқаруда. Газ да ажыратылды, ешқандай қауіп жоқ. Дәл қазір оларға қажетті барлық жағдай жасалады,-деді оқиға орнында болған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.
сурет пен видео авторы Динара Киндербаева,
zhaikpress.kz