Бөрлі ауданында дауыс беру таңғы сағат 7.00-де басталды. Аудан бойынша 35 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын 70-ке жуық бақылаушы қадағалауда. Сайлау басталғаннан бері тұрғындардың 7,73%, яғни 3193 адам, өз таңдауларын жасап үлгерген.
-Сайлауға келушілердің қатары көп. Осыдан-ақ барша жұрттың елдің тағдырына бейжай қарамайтыны байқалады. Біздің учаскеде денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беретін төрт адам тіркелген. Өтініштері бойынша оларға адам жіберілетін болады. Тұрғындар ел тағдыры шешілер тұста жанашырлықтарын көрсетіп жатыр,-дейді №92 сайлау учаскесінің төрағасы Амангелді Исанов.
№81 учаскесінің «Ұл тағдыры» қозғалысының атынан Президенттікке үміткер Әміржан Қосановтың бақылаушысы Айбек Әбілқайыровтың айтуынша, сайлау өз деңгейінде өтуде. Басталғаннан бері адамдардың легі толастамаған көрінеді. Ешқандай заң бұзушылық орын алмаған.
-Сайлауға қатысу - баршамыздың міндетіміз. Әр тұрғын тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде өз таңдауын білдіруі керек. Сондықтан барша жерлестерді белсенді болуға шақырамын,- дейді Шынар есімді апамыз.
Мейрамбек СЫДЫҚОВ
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz