Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев көп балалы аналар сулыкөлдік Айнұр Мусина, аққозылық Бибігүл Раймова, саралжындық Айсәуле Төлеуғалиеваларды қабылдады.
Қабылдау барысында аудан басшысы олардың хал-жағдайларын сұрап, еліміздің демографиясының көтерілуіне қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.
Содан кейін Қазақстан Республикасының Президентінің 2019 жылғы 9 шілдедегі №55 Жарлығымен марапатталған көп балалы аналар Айнұр Мусинаға, Бибігүл Раймоваға, Айсәуле Төлеуғалиеваға «Күміс алқа» және оған қоса куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.
– Қаратөбе ауданында алтын құрсақты аналар қатары артып келеді. Ауданда 203 «Алтын алқа», 218 «Күміс алқа» және 6 «Ана даңқы» орденінің иегерлері бар. Бүгін көп балалы аналардың қатары тағы да толықты. Өмірдің мейірім бастауы, жер бетіндегі бар жақсылық атаулының барлығы ананың ақ сүтінен тарайды. Сондықтан аналардың қадір-қасиетін құрметтеуді төл парызымыз деп білемін.
Дені сау ұрпақты дүниеге әкелетін, еліміздің болашақ патриоттарын тәрбиелейтін Сіздер, аналар, аман болыңыздар. Бала-шағаларыңыз аман болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Жанат Асылханұлы.
«Күміс алқа» иегері аққозылық Бибігүл Раймова мәртебелі марапатты табыс еткен Ж.Асылханұлына алғыс айтып, мемлекет тарапынан көп балалы аналарға көрсетіліп отырған жан-жақты көмекке ризашылығын білдірді.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz