Қыркүйектің 14-нен бастап қала кенттерінде ұйымдастырылған «Ашық әкімдік» шарасы қорытындыланды, деп хабарлады Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Барлық мәселені бұқарамен ашық талқылап, түйінді мәселені бірлесе шешетін аталмыш шара – мемлекет басшысының транспарентті мемлекет құру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
Бір апта ішінде қала әкімі Абат Шыныбеков, құрылымдық бөлім басшылары, «Батыс Су Арнасы», «Жайық Таза Қала», «Орал Таза Сервис» және тағы басқа коммуналдық мекеме басшылары Зачаган кенті, Деркөл, Желаев селолық округі, Круглоозерный кентінде және Орал қаласының «Жастар мәдениет үйі» мен «Жастар шығармашылық орталығында» тұрғындарды қабылдады.
Жалпы 337 тұрғын «Ашық әкімдік» шарасына келген болса, соның ішінде 112 тұрғын қала әкімі Абат Шыныбековтың жеке қабылдауында болды. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым көпшілігі тұрғын үй кезегі, жер алу, жол жөндеу, абаттандыру мәселелері. Сонымен қатар қала аумағының тазалығын ұйымдастыру және абаттандыру бойынша бірнеше ұсыныс түсті. Сауалдарымен жолыққан барлық қала тұрғындарының мәселелері заң жүзінде қарастырылып, екі жақты ашық талқыланды.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер