Бүгінде медиа-тренер ретінде танылып жүрген журналист, «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат агенттігінің жетекшісі Нұрлыбек Рахманов Тасқала ауданындағы мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізудің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетіп, мекеме-ұйымның БАҚ-пен дұрыс байланыс жасау жолдары жөнінде дәріс берді.
Семинар-тренингке қатысқан ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, мамандар атқарылған жұмысты ғаламторда жариялаудың ұтымды жолдарын талқылады.
-Бүгінде әлеуметтік желілерге тіркелгендер саны күн санап көбеюде. Қайда барсаңыз да телефонға телмірген жас пен кәріні көреміз. Барлығы желіде, мессенджерлерде отырады. Сондықтан мемлекеттік мекемелерде сол жерден табылып, халық топтанған мүмкіндікті жан-жақты тиімді пайдаланғаны жөн. Елдің мәселесі мен ұсынысын сол жерден тыңдаса, тұрғындар қабылдауға барған уақытын үнемдеп, мекемелерде адам кезегі азаяр еді. Ол үшін мекемелер ресми парақшасын сауатты жүргізіп, елге пайдалы мәліметтерді дер кезінде жариялап отыруы керек. Көбінесе мекемелер желіге өз жұмысын, өткізген шараларын жүктеумен шектеледі. Мекеме-ұйымның оң имиджін де желі арқылы қалыптастыруға мүмкіндік мол,-деген Нұрлыбек Нұрланұлы қызықты, пайдалы ақпараттарды жариялау, пікірлермен нәтижелі жұмыс, суретке түсіру мен оны тез өңдеу тәсілдерін көрсетті. Жалпы желі мәдениетіне, әр желінің пайдалы функциялары мен ерекшелігіне, аккаунт пен ресми парақшаның безендірілуінен бастап ондағы командалық жұмыстарға, жаңа трендтерге, сапалы пиар жасау жолдарына кеңірек тоқталды.
Сондай-ақ мекеме-ұйымдардың жергілікті БАҚ-пен байланыс жасап, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажеттілігіне назар аударылды.
- Атқарылған жұмысты әлеуметтік желіде ғана жариялау халықпен және БАҚ-пен қарым-қатынасыңыздың көрсеткіші емес. Өйткені іс-шараның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мен әлеуметтік желідегі парақшадан көрінуі – екі бөлек. Кейде ауыл-аймақтағы айтарлықтай маңызды шаралардан БАҚ өкілдері хабарсыз қалып, ел-жұрт естімей жатады. Сондықтан өткізілетін шараның баспасөз хабарламасын алдын-ала сапалы қылып дайындап, хабарландыруларды ертерек таратқан жөн. Тілшілер барлық іс-шараны қамтуға үлгермейтіндіктен, ауылдардан сапалы ақпарат тарата алатын қоғамдық авторларды қалыптастырғанды құп көреміз,- деді медиа-тренер.
Әсем Аман
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер