6.12.2019, 16:51
Оқылды: 76

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі БҚО-ға келді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев БҰҰ-ның делегациясымен кездесті. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Шимомура Норимаса екіжақты байланыс аясында өңір экономикасын нығайту, әлеуметтік әлеуетін көтеру, медициа сапасын жақсартуға қатысты жоба-жоспарларымен таныстырды.

 akim (1)

– Біріккен ұлттар ұйымы дүние жүзі бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқығын қорғау, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуда ықпалы зор. Қазіргі уақытта ұйымға мүше мемлекеттердің тұрақты дамуына қатысты БҰҰ саясаты өзгеруде. Соған байланысты Бас Ассамблея жаңа қарар қабылдады. БҰҰ-ның барлық агенттігі 2021-2025 жылдары тұрақты даму мақсаттары аясында ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыруы тиіс. Бағдарлама аясында БҰҰ-ның елдегі командасы Қазақстан Үкіметімен және халқымен бірлесіп тығыз жұмыс жасамақ. Басты ұстанымдар халықтың денсаулығын жақсарту, «жасыл экономика» мен бизнесті өркендету, саяси және әлеуметтік жаңғыру, құқықтық теңдікті сақтау, гуманитарлық көмек беру, тұрмысы жағдайы төмен адамдарға қолдау көрсетуге негізделген. Бағдарламаны жүзеге асыруға үкімет өкілдері мүдделі ғана болмай, азаматтық сектордың да белсенді атсалысқаны тиімді, - деді Шимомура Норимаса.

akim (2)

Кездесуде БҰҰ-ның тұрақты үйлестіруші кеңсесінің серіктестік және қаржылық даму бойынша кеңесшісі Дина Хасенованың айтуынша, Қазақстанда БҰҰ-ның бағдарламаларын түрлі салада жүзеге асыратын 19 агенттік, қор, ұйым бар. Қазіргі кезде БҰҰ мемлекеттердің тұрақты дамуына байланысты басты 17 мақсатты айқындаған. Бұл мақсаттар «Адам», «Әл-ауқат», «Ғаламшар», «Әлем», «Серіктестік» атты секторларға бөлінген. Шараға қатысқан БҰҰ-ның Қазақстандағы еріктілер үйлестірушісі Римма Сабаева алдағы Еріктілер жылына байланысты басты бағыттарды айқындау, ұйымдастыру жұмысы бойынша кеңес беруге әзір екенін жеткізді.

 Облыс әкімі Ғали Есқалиев түйткілді мәселелер бар екенін, оның бірқатарын БҰҰ өкілдерімен ынтымақтаса шешуге, серіктестік шеңберін кеңейте түсуге қолдау білдіретінін айтты.

Нұртай Текебаев

суретке түсіген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале