14.02.2015, 17:33
Оқылды: 85

Қарулы күштер үшін РОБОТТАР ШЫҒАРЫЛМАҚ


Облысымызда су асты роботтарын шығару жаңа деңгейге көтерілмек. Орал қаласына келген ҚР Қарулы күштерінің  Әскери-теңіз күштері басшылығы сондай техникаларды елімізде құрастыру жөнінде француздық компания өкілдерімен келіссөз өткізді.


– ҚР Қарулы күштері оралдық «Зенит» зауыты және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтымен біраз уақыттан бері бірлесіп жұмыс жасап келеді. Енді олармен алдағы 3 жыл үшін тапсырыстар жөнінде келіспекке келдік. Аталмыш сала бойынша елдегі ең үздік бұл мекемелер су астындағы роботтехниканы алдымен еліміздің Қарулы күштеріне дайындайтын болады, – деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, контр-адмирал Жандарбек Жанұзақов.  

– Біз су астындағы мұнай-газ құбырларына қызмет көрсететін роботтарды жиырма жылдан астам уақыттан бері шығарып келеміз. Күні бүгін шағын катерлерден бастап түрлі құрал-жабдықтар шығарудамыз. Жүз елудей қызметкеріміз бар. Жылдың аяғында тапсырыс берушілердің роботтехникаларын назарларыңызға ұсына аламыз, - деді «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнеломедов.

– «ЕCA Robotics» компаниясы су астын зерттейтін әскери және азаматтық роботтехника жасауға маманданған. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатқанымыз  бірінші жыл емес. Мұнда біздің жобаларды іске асыра алатын, салаға әбден төселген білімді мамандар бар, - деді  аталмыш   француздық компанияның бизнес-менеджері Оливье Магре.

Бүгінде мұндай су асты робот-техникалары әскери ғана емес, өндірістік салаларға да аса қажет. Сондықтан француздық тарап ҚР Қарулы күштерінің тапсырысын орындаған соң қазақстан-француздық роботтехникалардың ТМД және Орта Азия елдеріне де сатылуын  көздеп  отыр.


 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале