18.05.2015, 17:58
Оқылды: 48

Сулыкөлде той өтті дүркіреген

Karatobe baige   Қаратөбе ауданында Қалдығайты ауылының тумасы, соғыс және еңбек ардагері Сағынбай Есқуатовтың 100 жасқа толуына арнап ұрпақтары еске алу асын берді. Кең ауқымда өткен ас беру шарасы аламан бәйге, палуандар күресі сынды дала қызықтарымен айшықталды.

  Ардагер ұрпақтары ұйымдастырған еске алу шарасы Қалдығайты ауылының орталығындағы «Алтынай» тойханасында ата рухына құран бағыштаумен басталды. Ардагердің көзін көрген көнекөз қариялар, туыстары естелік әңгімелер айтып, өткізіліп отырған шараның ұрпақ жадында жауынгер атын жаңғыртуда мәні зор тағылымға ие екендігіне тоқталды.

Түс ауа ауыл шетіндегі алаңда алдымен қазақ күресінен «Түйе палуан» атағы үшін жолбарыс жүректі, құрыш білекті 17 палуан арасында тартысты өрбіді. Айла мен тәсілді қатар қолданып қарсыластарынан басым түскен қазталовтық Аңсар Хамзин бас жүлдеге тігілген түйені иемденді. Ал сырымдық Еділ Үсенов пен Сұнғат Махамбетов екінші үшінші орындарды өзара бөлісті.

Кең жазира даланы дүбірлетіп делебе қоздырар аламан бәйге десе әр қазақтың елең етері хақ. Сағынбай атамыздың асында шабуға алды Ақтөбе облысынан, облысымыздың бірқатар аудандарынан, жергілікті атбегілердің баптаған барлығы 35 сәйгүлік бәйгеге қосылды. Он айналымнан тұрған, 28 шақырымға созылған аламанда жүйріктер қара жердің шаңын аспанға көтерді.

Сымдай тартылып жарауы келіскен сәйгүліктер арасынан соңғы айналымдарда сурылып шыққан ақтөбелік Өтесін Болмашевтың Мәтенторысы бірінші келіп аламан бәйгенің бас жүлдесі үшін тігілген жеңіл автокөлікті жеңіп алды. Мәре сызығын екінші болып қиған ақтайсайлық Дулат Еділовтің  Көгершін атты тұлпары иесіне түрлі-түсті теледидарды сыйлады. Төлен ауылынан ат қосқан Самалбек Жаймашевтың Ақтанауы жүлделі үшінші орынға табан тіреп, иесі тоңазытқышпен марапатталды.

Дала қызықтары сулыкөлдік қыз-келіншектер арасында қапшық жарыспен жалғасын тапты.

Еске алу кеші Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы әншілерінің «Әкем – асқар тауым» атты концерттік бағдарламасына ұласты.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале