26.09.2024, 11:45
Оқылды: 100

1 қазанда мүлік салығын төлеу аяқталады

Өткен жылға мүлік салығын төлеу мерзімі биылғы 1 қазанда аяқталады. Салық құрылымдары салық салу нысандары бойынша салықты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайтын салық салу нысандарының құны мен меншік құқығында иеленудің мерзіміне қарай есептейді. Заңнамаға сәйкес кейбір тұлғалар мүлік салығынa төлемейді немесе салық базасы төмендетіледі. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ғайнешев айтты.

686C2202-42BF-4A8B-8C91-82D2780CB0AB

– Салық заңнамасына сәйкес биылғы шілде айында екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға есептелген салық сомалары PUSH-хабарламалар түрінде жіберілді. Ал салықты уақтылы төлемеген тұлғаларға берешек туралы хабарламалар биылғы 2 қазаннан бастап жіберіледі. Берешегі бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып кетсе, хабарлама жіберілгеннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жолданады. Салық төлеуші қарызды төлемеген жағдайда 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға беріледі. Сот орындаушылары жеке тұлғаның шоттарын бұғаттап, шығуға шектеу қоюдан бөлек, салық берешегінің 25%-ына дейін қосымша төлем өндіріп алады. Сол себепті мүлік салығын уақтылы төлеу маңызды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Салықты «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электронды үкімет» порталы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақшамен, сондай-ақ банк карталары арқылы төлеуге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» облыстағы филиалының мәліметі бойынша былтыр Орал қаласы мен Круглоозерный, Зашаған, Желаев және Деркөл кенттерінде жеке тұлғалардың атына 125 527 жылжымайтын мүлік тіркелген.

Өткен жылы осы салық түрі бойынша 115 571 салық төлеушіге 421 865 000 теңге сомасында есеп жүргізілді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 420 борышкерде 52 782 500 теңге көлемінде мүлік салығының берешегі бар.

ҚР Салық кодексінің 490-бабына сәйкес меншік құқығында салық салу нысандары бар жеке тұлғалар, меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу нысандары бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеуге міндеттеледі.

Жеке тұлғалар есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей көлік салығын төлеуі керек. Спикердің сөзінше, бүгінгі таңда көлік салығы бойынша жалпы берешек құны 286 312 800 теңгені құрап отыр.

Ерболат Баймұратұлы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторымен бірлесіп, «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» науқанын өткізіп жатқанын хабарлады. Акция биылғы 4 қыркүйекте басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Мақсат – азаматтық белсенділікті арттыру, жұртшылықтың тауар, жұмыс және қызмет тұтынушысы ретіндегі құқықтық мәдениетін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту. Науқан барысында кез келген тауарды сатып алу немесе ақылы қызметті қолдану кезінде әрбір қазақстандықтың смартфон және өзге де бағалы сыйлықтар ұтып алуға мүмкіндігі болады. Бар болғаны төленген сомаға берілетін чектерді «Amian» мобильді қосымшасында тіркеу керек.

Акцияға тек деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарының чектері қатысады.

Аружан Аманжол

zhikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале