Қарызға өмір сүру дәуірі аяқтала ма, әлде жаңа шектеулер экономикаға қысым түсіре ме? 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие және бөліп төлеу алу талаптары айтарлықтай қатаңдауы мүмкін. Ұлттық банк қарыз беру жүйесіне жаңа макроэкономикалық құрал – қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл халықты расымен де қарыздың қамытынан құтқара ма? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

Сурет: istockphoto
Бұған дейін банктер негізінен қарыз жүктемесі коэффициентіне сүйенсе, енді клиенттің табысына шаққандағы жалпы қарызы да есепке алынбақ. Бұл тәсіл қарыз алушының нақты қаржылық жағдайын тереңірек бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа коэффициентті енгізу мәселесі қазір нарық қатысушыларымен және екінші деңгейлі банктермен талқыланып жатыр. Оны тек жалпы қаржылық профильге ғана емес, нақты несие түрлеріне де қолдану көзделген. Атап айтқанда, кепілсіз тұтынушылық несиелерге, ипотекаға және автонесиелерге қатысты болуы мүмкін.
Ұлттық банк ұстанымы: «Несие толық тоқтамайды»
Ұлттық банк бұл қадамды халықтың шамадан тыс қарыздануын азайту құралы ретінде қарастырады. Дегенмен реттеуші орган несие беру жүйесін толық тежемейтінін ашық айтып отыр.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов бұл өзгерістердің мәнін былай түсіндірді:
Несие саны азайды, бұл жақсы, өйткені бизнесті дамытуға арналған қарыздар көбейді. Азаматтар да табысына қарай өмір сүре бастады. Бізде тұтынушылық несиелерді толық тоқтату мақсаты жоқ, сондықтан бұл тетікті енгізу мерзімін әлі қараймыз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, - деді Ұлттық банк басшысы.
Яғни, реттеуші несие нарығын толық «жабу» емес, оны тәртіпке келтіруді көздеп отыр.
Қосымша шектеулер: лимиттер мен тыйымдар
Несие нарығын «салқындату» үшін Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге бірқатар шектеу енгізген.
Атап айтқанда:
Бұл шаралар банктердің тәуекелін азайтып, проблемалық қарыздардың өсуіне жол бермеуге бағытталған.
Жүйе әділ бола ма?
«R-Finance» компаниясының экономисі әрі қаржы кеңесшісі Арман Байғанов жаңа талаптарды енгізу кезінде халықтың барлық тобы ескерілуі керек деп есептейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы әрдайым ресми түрде растала бермейді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің де табысын дәлелдейтін құжаттары бола бермейді. Сондықтан бұл өзгерістерді енгізгенде осы жайттарды да ескерген дұрыс, - деген пікір білдірді.
Шынында да, Қазақстанда табысын толық ресми көрсете алмайтын азаматтар аз емес. Бұл топ үшін жаңа талаптар несиеге қолжетімділікті одан әрі қиындатуы мүмкін.
Экономист: «Оңай қақпа жабылады»
Экономист Бауыржан Ысқақов бұл өзгерістердің әсерін былай бағалады.
1 шілдеден бастап елімізде несие алу шарттарының қатаңдатылатыны белгілі. Банк тек ресми табысты есепке алып, қарыз алушының барлық қарызын табысына қатысты есептейтіні белгілі. Осы орайда, төлем қабілеті төмен адамдарға несие беру қиындайды. Яғни «рассрочка» - бөліп төлеу де кредит ретінде қарастырыла бастайды. Ал 2027 жылдан бастап тіпті адамдардың жалпы қарызына лимит қоюды жоспарлап отыр. Бұл халықты қарыздан шығара ма? Иә, көмектесетін тұстары бар. Артық несие алу тоқтайды. Бұрын бірнеше банктен оңай несие ала беретіндер енді сүзгіден өтпейді. Төлем қабілеті жоқ адамдар қорғалады. Статистика бойынша мұндай сүзгіге енгізілгендер әлсіз қарыз алушылардың жаңа қарыз алу жағдайы азайған. Жалған табыспен несие алу да қиындайды. Жүйе шынайы болады. Бұл қаржылық тәртіпті қалыптастыратын жақсы әдіс, - деп атап өтті экономист.
Алайда айтуынша, ол толық шешім емес. Қарызға батқан адамдар автоматты түрде құтқарылмайды.
Жаңа несие алу қиындайды. Бірақ қарызы сол күйінде қалады. Кейбір адамдар үшін әділетсіз болуы мүмкін. Мысалы көлеңкелі табысы барлар, қолма-қол ақшамен табыс алатындар кредит ала алмайды. Экономикаға қысым болуы да ықтимал. Сұраныс төмендеп, бизнес, «рассрочкамен» зат сататындардың жұмысы тұралап қалуы ғажап емес. Бұл өзгерістердің мақсаты – несиеге өмір сүру моделін азайту. Бірақ бұл қарыздан шығаратын құрал емес. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, оңай қақпа жабылады. Бірақ іште отырғандарды оңай шығарып жібермейді деп те айтуға негіз бар, - деді Бауыржан Ысқақов.
Тәртіп пе, тежелу ме?
Жаңа талаптардың басты мақсаты – халықтың шектен тыс қарызға батуын тоқтату. Расында, бұрын бірнеше банктен оңай несие ала беру тәжірибесі енді қиындайды.
Бірақ бұл өзгерістердің екінші жағы да бар. Ресми табысы жоқ немесе тұрақсыз азаматтар үшін қаржыға қол жеткізу тарылады. Ал бөліп төлеу нарығы мен тұтынушылық сұранысқа да қысым түсуі мүмкін.
Яғни 1 шілдеден кейін несие алу – тек банкке өтініш беру емес, толыққанды қаржылық «сараптамадан» өтуге айналғалы тұр.