Отбасы банк "Ұмай" әйелдер ипотекасы бойынша өтінім қабылдаудың екінші кезеңін 2026 жылдың 3 қарашасында бастайды. Бағдарламаның бұл кезеңіне 20 миллиард теңге бөлінді, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұған дейін бағдарламаның алғашқы кезеңін жүзеге асыруға 9 миллиард теңге қарастырылған еді. Қазіргі уақытта бұл қаражат толықтай дерлік игерілген.
Бірінші кезеңде өтінім беріп үлгермеген әйелдердің сұранысын ескерген Отбасы банк өтінім қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтті. Енді "Ұмай" бағдарламасына үш тәсілдің бірі арқылы өтінім беруге болады:
Онлайн, бейнеқызмет көрсету арқылы
Өтінімді банктің ресми сайтындағы "Бейнеқызмет көрсету" сервисі арқылы онлайн беруге болады. Бұл қызмет арқылы оператордан кеңес алып, бағдарламаға қатысты сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бар. Онлайн өтінім беру үшін электрондық құжаттардың болуы жеткілікті.
Отбасы банкінің кеңесшілері арқылы
Өтінім қабылдау басталған күні банк кеңесшісіне бейнебайланыс арқылы немесе жақын маңдағы кеңес беру орталығына барып жүгінуге болады. Кеңесшілердің тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланған.
Банк бөлімшелері арқылы
Қатысушылар Отбасы банкінің бөлімшелеріне барып, өтінімді тікелей тапсыра алады.
– Маңызды: кеңесші таңдаған кезде оның көрсететін қызметтері қатарында "Төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау" және "Несие алуға арналған құжаттарды қабылдау" қызметтері бар екеніне көз жеткізу қажет.
Банк мәліметінше, "Ұмай" әйелдер ипотекасының негізгі шарттары өзгеріссіз қалады. Бағдарламаға қатысу талаптары мен өтінім беруге дайындық жөніндегі толық ақпарат алдағы уақытта жарияланады.