20.09.2022, 9:15
Оқылды: 129

«Айдың сұлу сәулесі»

Өткен аптада Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда ақын, ұстаз Талап Таймасұлының «Айдың сұлу сәулесі» атты шығармашылық кеші өтті.

52bfc385-6072-4098-a555-b438968432af

Ақынның шығармашылығын оқырман қауымға кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның басында көршілес қырғыз елінің ақын-жазушыларының өнер иесін құттықтап, арнайы жолдаған бейнежазбасы көрсетілді. Кеш иесі сахнаға шақырылған соң, ол бала кезінен жазуға құштарлығы мен көрген қиындығын тарқатып айтып берді. Өмір жолы жайлы әңгімесін туған жерінен бастаған ақынның өз сөзіне жазылған «Қаратөбе даласы» әні орындалып, далаға, ауылға деген сағынышты оятқандай әсер қалдырды.

Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының, Қырғызстан ақын-жазушылар қоғамдық қорының, «Янго Овоз» Орта Азия жазушылар және тарихшылар одағының мүшесі Талап Қуаныштың төрт кітабы таныстырылды. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының өнерпаздары кітаптарға енген өлеңдерін оқыды. Рауан Талапұлы «Өмір бағы» әнімен көптің қошеметіне бөленді. Ал «Тоғыс», «Жаңғырық», «Айдың сұлу сәулесі» және «Махаббат әуені» кітаптарының тұсаукесерін жасау рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, ақын Сағынтай Бисенғалиев, Ғайсағали Сейтақ және тілші-ғалым Мұрат Сабыр қатысты.

– Өңірімізден шыққан танымал ақын-жазушы көп. Осы орайда Талап Таймас-ұлының «Ақберен» жас ақындар мектебін ашып, облысымыздағы талапты, талантты балалардың басын қосқанын айта кету керек, – деді Сағынтай Орынғалиұлы. Ұстазының өлеңдерінен өнеге алып, өз жолын қалыптастыруға талпынған

«Ақберен» жас ақындар мектебінің шәкірттері ақынның «Ауыл», «Домбыра» және «Күзгі бейне» деген өлеңдерін оқыды. Ізінен ерген інілеріне үлгі бола білген ұстаз 2019 жылы шыққан 6 кітаптан тұратын «Өмір циклі» өлеңдер жинағына да тоқталып өтті. Аталған жинағында аутордың түрлі кезеңдердегі жан дүниесінің жай-күйі суреттелген.

f1c0456d-c0a2-4580-bf0a-727917576032

Іс-шара  соңында ақын Талап Қуаныш өзінің сиясы кеппеген «Дәлелдеу» деген жан мұңын және «Түнгі симфония», «Айдың сұлу сәулесі» атты өлеңдерін оқып, шығармашылығын қадірлеп келген қаламдас ағалары мен студент жастарға алғыс айтты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале