24.11.2021, 10:21
Оқылды: 86

Айшықты қолтаңба

Бала күннен тай-құлындай тебісіп бірге өскен, өмірінің соңына дейін араласып бірге жүрген досым Бекболат Хамзаұлының еңбек жолы  банк, қаржы саласымен тығыз байланысты. 

3

Алматы халық шаруашылығы институтын экономист-бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын 1972 жылы сол кездегі ең беделді мекеме Қазақ КСР-ның Мемлекеттік жоспарлау комитетінде экономист болып бастаған. Одан кейін аға экономист, Қазақ КСР Мемлекеттік еңбек комитетінің бас экономисі, бөлім меңгерушісі лауазымдарын да ұзақ жыл  бойы ойдағыдай атқарған. Ал тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен елдігіміздің іргетасы енді ғана қалана бастаған сол бір қиын-қыстау жылдары «Тұранәлем» банктің бөлім меңгерушісі, кейін осы банктің басқарма  басшысы болып үлгілі қызмет еткен еді. Бұл кез қай салада болсын ескі қарым-қатынастардың күйреп,  қоғамда жаңа қатынастардың енді-енді ғана қалыптаса бастаған, мүлдем жаңаша дамудың алғашқы қадамдары жасалып, нарықтық эконо­микаға бейімделіп келе жатқан қиын кездер болатын. Міне, дәл осы кезде Бекболат Хамзаұлы еліміздегі қаржы саласында, әсіресе, банктер жүйесін жаңа заманның талабына сай қалыптастырып, құру  бағытында қажырлы еңбек еткен еді. Сол тоқсаныншы жылдардың қиынқыстау кезінде өзінің кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен сол кездегі Қаржы министрі А. Павловтың, Премьер-министр Ә. Қа­жыгелдиннің назарына ілінген Бекболатты (Бекең) Үкіметтің қаулысымен тұңғыш құрылған Мемлекеттік медетші (реабилитационный) банктің төрағасы етіп тағайындалғанына өзім де куә болған едім. Оны осындай дәрежеге жеткізген өзінің адал еңбегі, тапсырылған іске деген жауапкершілігі болатын. Бұл жерде аса бір көңіл аударатын жағдай, осы күнге дейін елімізде тоғыз рет үкімет құрамы, оның басшылары ауысқан екен. Солардың  ішінде кәсіби жағынан ең жоғары деңгейде болғаны Ә. Қажыгелдин басқарған үкімет  екеніне қазір ешкім күмән  келтірмейді. Сөзім күмәнді болмауы үшін, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, профессор Қайрат Закирьяновтың жақында берген бір сұхбатын нақпа-нақ түпнұсқасы бойынша келтіре кетейін («Дат» газеті: №32 02.09.2021 ж.).

К. Закирьяновтың сөзі:«Меня восхищает поступок близкого мне человека – Имангали Тасмагамбетова. После того, как бывший Премьерминистр РК Әкежан Кажыгелдин был заочно приговорен к длительному сроку,  он сказал об его команде (подразумевая самого экспремьера в первую очередь), что она была самой профессиональной  в истории независимого Казахстана. Правительству Кажыгелдина пришлось работать в самый трудный период становления нашей Независимости и принимать не популярные в народе решения...». Міне, белгілі саясаткер, экс-премьер И. Тасмағамбетовтің біздің Бекеңе, оның сол кездердегі бірге істеген әріптестеріне  берген  бағасы  осындай.

Ол білікті қаржыгер ретінде осындай ауыр кезеңде ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын және қаржы саласын заманауи деңгейге көтеруге барынша қалтқысыз қызмет етіп, осы салада қарымды із қалдырған азамат. Оның қызметтік өмірбаяны үнемі үлкен жауапкершілік, жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық сынағымен жазылған деуге болады. Алайда тағдырдың жазуына амал бар ма, тосын келген қатер оны арамыздан мезгілсіз алып кеткеніне бір жылдың  жүзі болып қалды.

Бекболат Хамзаұлы 1951 жылы 7 қарашада сол кездегі Орда ауданының Ноғайбай ауылдық кеңесінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Бірінші сыныпты сол жердегі жетіжылдық мектепте оқып, екінші сыныптан қазіргі Бисен Жәнекешев атындағы орта мектептің түлегі болып, 1968 жылы бітіріп шықты. Міне, осы екінші сыныптан бастап екеуміздің өмір жолымыз бірге басталып, Бекең бақилық болғанға дейін жұбымыз жазылған емес.

Бекболат бала кезінен салмақты, қолына алған ісіне тиянақты, сыныптастар арасында ұқыптылығымен ерекшеленетін. Сабақты да жақсы оқыды. Әсіресе, математика пәніне жүйрік болды. Жақсы сурет салды, спортқа да құлшына араласып, волейбол, футбол сияқты доп ойындары бойынша мектеп құрама командасына белсене қатысты. Мектепті бітіріп, әскерге барып қайтқаннан кейін екеуміз де қызықты жастық шағымызды еске алып, әсем Алматы, асқақтаған Алатау баурайында өткізіп, сол бір кездің қуанышын бірге бөлістік. Кейін тоқсаныншы жылдардың басында біздің қатарымызға әрі жерлес, әрі құрдас Жалпақталдың Ақпәтер ауылының біртуар азаматы, ұшқыш Нұрлан Күмісұлы Ақмұқанов  қосылды. Жақсыны жақын тұтатын, жүрегі елім, жерім деп соққан осы бір асыл азамат жүрегінің тоқтағанына да, мінекей, биыл шілде айында  төрт  жыл  болды.

Бір-бірімізді іздеп кездесуді асыға күтетініміз – үшеуміздің де өмірге деген көзқарасымыздың ұқсастығынан, әділетсіздік атаулыға төзбей, соған қарсы күреске қолымыздан келгенше құлшынып тұратын табиғи мінезіміздің сәйкестігінен болса керек. Сағаттар бойы әңгімеміз таусылмай, ел өміріндегі келеңсіз жағдайларға күйіп-пісіп отыратынбыз.

Біраз жыл құдайы көрші ретінде талай мәрте дастарқандас, дәмдес болып араласқан белгілі композитор Сейдолла Бәйтереков ағамыздың балконында тұрғанын немесе аулада өзін көріп жапа-тармағай жамырап.

– Ассалаумағалейкүм Сәке, –  деп амандасқан біздерге, сәлемімізді алып, – Иә, Жайықтың жайсаң жігіттері тағы да бас қосып қалыпсыздар, бір ойлағандарың бар-ау шамасы, –  деп жымиып күліп қарап тұратыны әлі көз алдымда.

Қазақ арасында нағашы-жиен болып ойнап, бір-бірін әзіл-қалжыңмен сөз қағыстыру - бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бекболат екеуміздің бірге өскен дос-жолдас, құрдастығымызбен қатар, нағашы-жиен ретіндегі ағайындығымыз да болатын. Бекболаттың аяулы анасы Ұлмекен апамыз бен менің әкем Хайдар бір атаның тумалары.  Жиендік жолымен Бекең мені көргенде қиядан қиыстыра қисық сөйлеп, мінеп-шенеп өзінше рахаттанып қалатын. Менің газет-журналдарға шыққан мақалаларымды оқып риза болып, мақтап-мадақтағанда  айтатыны, – Әй, саған ем қонайын деген бе, дұрыс бірдеңелер айтатын болып жүрсің осы соңғы кезде, – деп алып, – Әй, қайдам сен мен білетін нағашым болсаң ем қонатын адамдардың сықпытынан емес едің, – деуші еді қиқарланып баяғы. Ондай қисық-қыңыр сөйлеуге келгенде менің де жетісіп тұрғаным шамалы, екеуміз бір-бірімізді барынша қағыта сынап-мінеп, айтысып, салғыласып біраз жерге барып қайтушы едік. Мұндайда араласып жүретін, бірақ қазақтың нағашы-жиендік салт-дәстүрін біле бермейтін, әсіресе, орыстанған қалалық жора-жолдастарымыз, – Интересно, сендер бірге өстік, жерлеспіз дейсіңдер, бірақ бір-біріңді на духу не перевариваете, терпеть не можете, – деп шынымен таңғалатын.

Бәрі де күні кеше ғана болған сияқты еді-ау. Міне, енді өткен шақтың еншісінде қалған сол бір шуақты кездерді бұл күндері сағынышпен еске аламын. «Қамшының сабындай қысқа өмір» дегеніміз осы  екен  ғой...

Қанша алыста жүрсек те, Бекең ауылды, бірге өскен құрбы-құрдастарды ешқашан естен шығарған емес. 1968 жылы мектеп бітіргендердің әр он жыл сайын дәстүрге айналған кездесулерімізді ұйымдастыруға атсалысып, туған ауылымызды көркейтіп, абаттандыру  сияқты іс-шараларға белсене кірісіп, кездесулеріміздің сәнін келтіріп  жүретін.

Бекеңнің үлкен адамгершілік қасиеттерін өткенде жылын берген кезде бірге қызмет істеген банк саласының мамандары оның қарапайымдылығымен, жұмыс барысында талап қойғыш әділдігімен өздеріне қамқорлық танытып, білікті қаржыгер ретінде қызмет барысында бағыт-бағдар беріп, қанаттарының қатая түсуіне жағдай жасағандарын тебірене айтып, еске алысты.

Еліміздің қаржы саласына осындай үлкен үлес қосып, өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған  ордалық азамат Бекболат Хамзаұлының  құдай қосқан қосағы Айша Тоқыбайқызы да – жоғары білімді экономист, ұзақ жыл Қазақ КСР жоспарлау комитетінде бас маман болып қызмет істеген, қазір зейнеткер. Бұл күндері ұлы Азамат пен қызы Алтынайдан тараған немере-жиендерінің қызығын көріп, соларды алданыш етіп отыр. Ұлы  Азамат әке жолын қуып, жоғары білімді экономист мамандығын алып, қазір Оралдағы «Халық  банктің» белді қызметкері. «Сөнбейді, әке, шырағың» деген аталы сөз осындайда айтылатын болса керек. Қызы Алтынай да Алматы қалалық әкімшілігінде, қазіргі кезде банк жүйесінде заңгер мамандығы бойынша жемісті қызмет атқарып келеді.

Арамызда аман жүрсе, Бекеңнің 70 жылдық мерейтойын тойлаушы едік. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Алланың жазғаны осылай болса, не амал бар. Енді Бекеңнің көре алмай кеткен қызық-қуаныштарын жан жары Айша мен ұрпақтары көріп, оның өнегелі өткенін ілгері жалғастыра берсе екен деймін. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін қайран досым, құрдасым, орны бөлек жиенім пейіштің төрінде нұрың шалқып, жаның жәннатта  болғай  деп  тілеймін.

Ғаният  Насыров,

зейнеткер,

заң ғылымдарының кандидаты,

Нұр-Сұлтан қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале