Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасылардың табысы, мүлкі мен міндеттемелерін бағалау тәртібі өзгереді. Жаңартылған әдістемеде азаматтардың нақты материалдық жағдайы мен әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтауға басымдық беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, әдістемені жетілдіру барысында табыс пен кредиттік міндеттемелерді, соның ішінде ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдері қайта қаралды. Сондай-ақ автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және жай-күйі ескеріледі.
«Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ ұсақ жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз», деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, отбасының күнделікті шығындары, кредиттік міндеттемелері, жалғыз асыраушысы мен жалғыз тұрғын үйінің болуы да бағалау кезінде ескеріледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіне тексеру жүргізіледі. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайы да бағаланады.